Амангелді ауданында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Шабыт» жобасы аясында ІІ облыстық «Қанатты домбыра» жас домбырашылар мен қобызшылар байқауы ұйымдастырылды.
Байқау ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар тұлғалардың мерейтойларымен тұспа-тұс келіп отыр.
Атап айтқанда, қазақтың әйгілі күйші-композиторы, домбыра өнерінің дара өкілі Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл, Торғай өңірінің мәдениетіне айрықша еңбек сіңірген музыкант Төкен Елтебаевтың 90 жылдығы, дәулескер күйші Башарин Қажығалиевтің 90 жылдығы және күйші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айтбай Мұздахановтың 85 жылдық мерейтойлары аясында өтті. Iс-шараның басты мақсаты – Тобыл-Торғай өңірі композиторларының күй мұрасын кеңінен насихаттау, жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Байқаудың салтанатты ашылуы жас қолөнер шеберлерінің көрмесімен басталып, көрермендер назарына ұлттық нақыштағы бұйымдар ұсынылды. Іс-шара барысында Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық өнерді дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
– Бұл байқау – тек өнер сайысы ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын рухани алаң. Домбыра мен қобыздың үні арқылы біз тарихымызды жаңғыртып, ұлттық болмысымызды нығайтамыз. Жас таланттардың талабына қанат бітіретін мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін, – деді аудан әкімі.
Төл өнерді ту еткен байқауға Қостанай және Арқалық қалаларынан, сондай-ақ Алтынсарин, Жангелдин, Науырзым, Қарасу, Әулиекөл және Амангелді аудандарынан келген жас өнерпаздар қатысты. Олар сахна төрінде күй өнерінің көркем үлгілерін орындап, өз шеберліктерін сынға салды. Байқау жас ерекшеліктеріне қарай 8–10, 11–13 және 14–17 жас аралығындағы үш топ бойынша өтті.
– Қазылар алқасының құрамында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Анар Мұздаханова, Рудный музыкалық колледжінің қобызшысы Баян Белгібаева және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Гүлшат Молдабаева болды. Олар қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, сахналық мәдениетіне және шығарманы жеткізу деңгейіне кәсіби тұрғыда баға берді. Кәсіби музыка шеберлерінен құралған құрам жастардың қарым-қабілетіне ерекше ризашылығын білдірді, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Мақпал Мұхамбетова.
Нәтижесінде үздік деп танылған өнерпаздар Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының грамоталарымен және арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

«Қанатты домбыра» байқауы – ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеген, жас таланттардың талабын ұштап, рухани құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды жоба ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.
Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ студенті
Амангелді ауданы
