Қарасулық оқушы қарттарға қамқорлық жасауға шақырады

Қарасулық оқушы қарттарға қамқорлық жасауға шақырады

Амангелді ауданы Қарасу ауылының 5-сынып оқушысы Айзере Жаппас қарттар мен жастар арасындағы ұрпақ сабақтастығын нығайтуға бағытталған ерекше жоба ойлап тапты. Бала қиялынан туған бастама «Есте сақтау- өмір шуағы» деп аталады.

Айзере Жаппас Қарасу ауылындағы Жасбуын жалпы білім беретін мектебінің 5-сыныбында оқиды. Бала шәкірт ата-әжелердің ұлғайған шағында есту қабілеті нашарлап, қоғамнан алшақтай бастайтынын байқап, жаңа жоба әзірлепті.

«Қазіргі қоғамда қарт адамдар арасында есте сақтау қабілетінің әлсіреуі, зейіннің төмендеуі, жалғыздық сезімі және әлеуметтік оқшаулану жиі кездеседі. Бұл құбылыстар олардың психологиялық жай-күйіне кері әсер етіп, өмірге деген қызығушылығын төмендетеді. Аталған жоба осы мәселелерді жүйелі түрде шешуді көздейді», – дейді ол.

Әлеуметтік жоба қарттардың когнитивтік қабілеттерін дамыту арқылы олардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік белсенділігін арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған кешенді бағдарлама іспеттес. Ата-әжелерге есте сақтау жаттығуларын жасатып, логикалық ойындар ойнатып, сөздік қорын дамыту, визуалды және есту арқылы қабылдауды жетілдіретін тапсырмалар кешенін әзірлеуді жоспарлап қойыпты. Мұндай жаттығулар қарт адамдардың ми қызметін белсенді күйде сақтауға көмектесетін көрінеді.

blank

«Жаттығулармен шектелмей, қарт адамдарды қоғам өміріне қайта тартуды көздеп отырмыз.  Осы мақсатта балалармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылады. «Ертегіші әже», «Даналық сағаты», «Әже мектебі» форматындағы кездесулер барысында қарттар өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ертегілер айтып, мақал-мәтелдер үйретеді. Бұл олардың өзін қоғамға қажет тұлға ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Балалар үлкендердің әңгімесін тыңдау арқылы ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Осылайша, жоба тек қарттардың емес, жас ұрпақтың да тұлғалық дамуына тиімді әсер етеді», – деп санайды жоба авторы Айзере.

Цифрландыру дәуірінде үлкендер мен балалар арасында рухани алшақтық байқалатыны жасырын емес. Бұл жоба сол үзілуге шақ қалған байланысты қайта жандандырып, жылы қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді деген үміттеміз.

Қымбат ДОСЖАНОВА,

Амангелді ауданы