Несібелі Бәсенова: «Мақсат – тамшыдай болса да үлес қосу»

Несібелі Бәсенова: «Мақсат – тамшыдай болса да үлес қосу»

«Қостанай таңы» газетінің белсенді авторы Несібелі Бәсенова отбасы институтын нығайту мақсатында арнайы фронт-кеңсе ашқанын, оның жұмысы туралы бұған дейін де газет бетінде жазған болатынбыз. Кейіпкеріміз тағы бір әлеуметтік жобаны қолға алып отыр. Жобаның көздегені не? Шағын сұхбатта тарқатып айтып берді.

-Несібелі Зариванқызы, отбасы құндылығына байланысты жақсы жобаны қолға алған екенсіз. Оқырмандарға таратып айтып берсеңіз?

-«Отбасы help» жобасының сыртында облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша мемлекеттік жоба ұттым. Төлжобама қосымша жұмыс жүріп жатыр. Мақсаты жастардың арасында отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу, отбасы құндылықтарын арттыру. Жыл аяғына дейін осы жобаны іске асыратын боламын. Тамшыдай болса да, өз үлесімді қосу. Бірінші, әдістемелік жинақ әзірлейміз. Бұл шілде айының басына дейін әзірленеді. Бұл жобада отбасының қаржылай сауаттығын арттыру. Екіншіден, отбасында алғаш келген сәбиге дұрыс тәрбиелеу жолдары айтылады. Сосын тұрмыстағы зорлыққа жол бермеу, оның алдын алу мәселелері назардан тыс қалмайды. Жалпы бұл жоба аясында бірнеше ауқымды тренингтер өтеді. Оған танымал психолог, медиаторлар да қатысады. Республикалық деңгейде осы тақырыпты зерттеп зерделеп жүрген спикер шақырылады. Басты қойылып отырған міндет өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс жүргізу. Алдағы аптада «Қазақстан-Қостанай», «Алау» телеарналарынан насихат жұмыстары басталады. Жастардың дені жоғары оқу орындарында. Сондықтан қыркүйек айы басталғаннан кейін студенттер арасында семинар, тренинг өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнан бөлек, ірі кәсіпорындар да, мекемелер де мұндай шараларды жалғастыру жоспарланған. Арнайы бағдарлама әзірленуде. Тағы қайталап өтейін, отбасы қаражатын тиімді әрі сауатты жұмсау, жас жұбайлар арасында ата-анамен қарым-қатынас, жас келінгк жаңа ортаға түскенде психологиялық қолдау, бала тәрбиесі, ананың, әкенің  отбасындағы рөлі, басқа да әлеуметтік мәселелер қамтылатын болады.

– Бастамаңызға сәттілік! Бұл «Отбасы help» жобасының жалғасы ма?

– Солай айтсақ та болады. Ерлі-зайыптылар арасында ажырасу мәселелері көбейіп келеді. Статистика деректері әрбір үшінші отбасының ажырасатынын дәлелдейді. Мысалы 2011 жылы 160,5 мың некенің 44,9 мыңы ажырасса (28%), 2015 жылы 148,7 мың некенің 53,3 мыңы ажырасқан (35%). Ал бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін жетіп отыр. Соның ішінде Қостанай облысы алдыңғы орындарда. Айта кетерлік мәселе, кәмелет жасына толмаған балалары бар отбасылардың шаңырағы жиі шайқалады. Яғни, әкесіз немесе анасыз өсіп жатқан балалардың саны көбейіп келеді. Бұл жекелеген отбасының емес тұтас ұлттың басты проблемаларының бірі. Отбасылардың ажырасу фактілерінің себебі бірнеше. Осы салада жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарын шолу арқылы отбасының бұзылуына жеткізетін бірнеше ішкі және сыртқы себептерге тоқтала кетуді жөн көрдік. Бірінші себеп – ата-ана, жақын айналаның отбасы ісіне араласуы немесе сыртқы пікірлердің отбасындағы эмоционалдық көңіл-күйге кері әсері. Бұл әсіресе жас отбасылардың некеге тұрғаннан кейін көп уақыт өтпей ажырасуларына ықпал ететін фактор. Қазақта бұған қарсы «Ерлі зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген тәмсіл бар. Екінші себеп – әлеуметтік жағдайдың ықпалы, яғни баспананың қолжетімсіздігі, жалақының аздығы, тұрақты жұмыстың болмауы сияқты жағдайлар. Тапқан қаражаты баспанадан, азық-түлік пен киім-кешек алу сияқты тұрмыстық қажеттіліктен аспайтын отбасылар өмірді одан әрі бірге жалғастырудың мотивациясын жоғалтып жатады. Үшінші себеп – сезімге адалдықтың, құрметтің жоғалуы. Жастық жалынмен үйленіп, кейіннен жауапсыздықпен жұбайының көзіне шөп салатын жағдайлар да отбасының шырқын бұзатын факторлардың ең бастыларына жатады. Төртінші себеп – денсаулық мәселесіне қатысты. Көп отбасы шаңырақ құрғаннан кейін баланың өмірге келуіне асығады. Алайда денсаулық жағдайына байланысты (белсіздік) бала көтере алмау проблемасы көп отбасының ажырасуына себеп болуда. Қазіргі таңда жастар арасында белсіздік проблемасы кең етек жайып келеді. Бұл да ұлттың деңгейдегі дабыл қағатын мәселе.

– Әлеуметтік мәселенің күрделенуіне не себеп?

– Иә, қазір әлеуметтік желінің рөлі өте жоғары. Жастар тәрбиені әлемжеліден алып жатыр. Отбасындағы жанжал қарасаңыз, аярлықпен соққыға жығу, өлімші етіп сабау. Сайттарды ашып қалсаңыз, күн сайын қайталанып жатыр деп айтуға болады. Оның ішінде елімізде әйелдерге, балаларға қатысты зорлық фактілері жиі ұшырасады. Одан бөлек, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасының тәрбиесі қандай болуы керек? Бұл да назарымызға алынады. Ерте бастан анықтау, қайда бару керектігі туралы кеңес беріледі. Бұл мәселеге қатысты арнайы спикер шақырылады. Жаңадан «Жас отбасылар Академиясы» деген атаумен жеке парақша ашылды. Оны өзім жүргіземін. Аптасына бір рет көкейтесті сұхбат ұйымдастырып, оған блогерлер тартылады, Отбасы терапиясында жарасып кеткен отбасыларды шақырамыз. Онда әркім өзінің отбасы проблемалармен, құпиясын бөлісетін болады.

Оның сыртында, мемлекеттік тарапынан жас отбасыларға қандай қолдау көрсетілетіні айтылады. Басқа да отбасы мәселелері туралы контенттер болады. Менің өзіме де қызық. Кездесулер түрлі форматта. Мысалы, жүктілік кезінде салауатты өмір салтын сақтау, ана болуға дайындық. Оған  медицина қызметкері,  фитнес тренер, психолог шақырылады. Бала күтімімен отырған аналар арасында түрлі кездесулер ұйымдастырылады. Бағдарлама сан түрлі. Аналармен кездесу айына екі-үш рет өтеді. Оған өмірлік тәжірибесі мол аналар да шақырылып, өмірден көрген түйгендерімен бөліседі.

-Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік!

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу