«Студент көктемі» фестивалі Арқалықты дүбірге бөледі  

«Студент көктемі» фестивалі Арқалықты дүбірге бөледі  

Биылғы «Студент көктемі – 2026» жастар шығармашылығы фестивалі «Арайлы Арқалығым – ән қанатым!» атауымен өтті.

Арқалық қаласының 70 жылдығына орай қалалық мәдениет сарайының ұйымдастыруымен көрініс тапқан өнер шеруі барлық қала жастарының достығын нығайтып, шығармашылық таланттарын дамытты десе болады. Талантты жастарды таныстырған фестивальге қаладағы жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындары толықтай атсалысты.

Фестивалдің салтанатты құттықтау сөзі Арқалық қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сандуғаш Алматоваға берілді.

 

«Бүгінгі мереке ерекше деп айтамыз. Себебі, биылғы Арқалық қаласының 70 жылдығы үлкен тарихи кезеңге ұласып келе жатыр. Өткен жылдан бері басталған ізгі іс – шаралар әлі де өзінің жалғасын табуда. Бұл мерекені жастарымыздың келешегі үшін қолға алынып жатқан негізгі жобалардың бірі деп қабылдаймыз. Студент — жастарымыз қала халқына жақсы бір демалыс кешін сыйлайды деген үміттеміз. Мәдениетіміз бен өнерімізді қолдап жүрген жастарға алғысымызды білдіреміз», – деді жастарға жігер берген Сандуғаш Орекенқызы.

Жастар өнер жарысында: аспаптық ансамбль, хореография, терме, жыр, халық әндері, хор, көркемсөз сынды жанрлар бойынша шеберліктерін көрсетіп, бәйгеде бақтарын сынады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Сондай – ақ, фестиваль аясында «Алтын қол шеберлері» атты көрме және көркем сурет өнері байқауы ұйымдастырылып, тартымды режиссуралық ізденіс, сапалы құрастырылған концерттік бағдарламалар ұсынылды.

Салтанат Оралбаева,

Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің үйірме жетекшісі:

blank

«Колледжімізде «Шебер қолдар» үйірмесі біраздан бері жұмыс істейді. Онда 30 – дан астам білім алушымыз қолөнерімен айналысады. Жас шеберлер өздерінің қиялдарынан туған дүниелерін жасап шығарады. Мысалы, Ернұр Қалдыбек есімді білім алушымыз ағаштан сәнді қорапшалар істеп әкелген. Біз үнемі әр жастың талабын ұштап, өнеріне бағыт – бағдар беріп отырамыз».

Ақния Құлажанова,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ІІ курс студенті:

«Көрмемізде студенттеріміздің шығармашылығы бейнеленген. Өздеріңіз көріп тұрғандай тек қана майлы бояу емес, сонымен қатар тоқыма бұйымдарды, ұсақ шыныларды құрастыру арқылы жасалған дүниелерді тамашалай аламыз. Көз майын тауысып жасалған әр бұйым өнердің өрістеуіне жол ашатындығын айтқым келеді».

«Студенттік көктем — 2026» жастар шығармашылығы фестивалінің үздіктері алдағы 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде гала-концертте өнер көрсететін болады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                     Арқалық қаласы