Арқалықта көктемгі су тасқынына қарсы көмекке келген әскерилерге алғыс айтылды

Арқалықта көктемгі су тасқынына қарсы көмекке келген әскерилерге алғыс айтылды

Қалалық мәдениет сарайында Қостанай облысы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 66 — 97 әскери бөлімінің құрылғанына 55 жыл толуына арналған «Ұлттық ұлан жауынгерлік жан ұядай ұйысқан, елі мен халқына қорған» атты салтанатты жиын өтті.

Әскери қызметшілердің еліміз үшін қиын кезеңде көмекке келіп, халыққа қол ұшын созып, су тасқыны кезінде көрсеткен ерлік пен табандылықтары — нағыз батырлықтың үлгісі.

66 97 Ұлттық ұлан әскери бөлімі жарты ғасырдан астам тарихында өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Қоғамдық тәртіпті қадағалау мен қылмыстық атқару жүйесіндегі қауіпсіздікті сақтауда жасап отырған қызметтері айрықша маңызға ие.

Әскери бөлім өкілдері, тек қана өздеріне бекітілген міндетті мінсіз атқарып қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысып келеді. Бұл ретте қала әкімі Әмірхан Асанов өзінің құттықтау сөзінде әскери қызметшілердің өткен жылы да, биыл да Арқалық қаласына арнайы келіп, көктемгі қауіпсіздік шарасына қосып отырған зор үлестерін асқан ризашылықпен атап өтті.

«Биылғы 16 наурыздан бері аталған әскери бөлімнің 1-ші жедел мақсаттағы батальонынан 62 адамнан тұратын құтқару жасағы көктемгі қар суынан келетін қауіптілігі жоғары үй-жайларды аман сақтауда оңтайлы жұмыс жасап отыр. Қалаға қарасты Родина ауылдық округі мен Фурманов ауылында және Новый шағын ауданында осы уақыт аралығында  550 -ден астам үйдің қарын ауласынан сыртқа шығарып, көшедегі суағар орындарды тазартып, ерен еңбектерімен танылып келеді. Осындай ерлікке тән істеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз үшін 66 — 97 Ұлттық ұлан әскери бөлім командирінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, подполковник Ардақ Қазбекұлына, әскери бөлімнің барлық өкілдеріне тұрғындар атынан шынайы алғысымды білдіремін», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Сондай — ақ, қаладағы көктемгі қауіпсіздік шараларына 99 — 260 әскери бөлімінен 50 адам мен 5 техника келіп, екі апта уақыттан бері жеке үй жайлардан қар шығару жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл азаматтар қалаға қарасты Северный, Ақбидай, Олимпиский, Западный кенттерінен 400 ден астам үйдің қарын шығарып, үлкен көмек көрсетті.

Қала әкімі орайы келгенде ел атынан 99 — 260 әскери бөлім командирінің материалдық — техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, подполковник Марат Сәлімовке және де аталған әскери бөлім өкілдеріне алғыс білдірді.

blank blank blank blank  blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Ел үшін от пен судан тайынбай жан салып, аянбай еңбек етіп жүрген ерлердің құрметіне қала өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

  Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген – автор

 

                                                                                                            Арқалық қаласы