Амангелді ауданы білім бөлімінің Құмкешу жалпы білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Даналық мектебі – ұлттық құндылықтар тоғысы» атты аудандық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды да мәнді іс-шараға айналды.
Ұлттық тәрбие мен заманауи білімнің сабақтастығын айшықтаған бұл жиын қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Іс-шараға аудан мектептерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагогтары қатысып, өзара тәжірибе алмасып, кәсіби ой-пікірлерімен бөлісті.
— Аталған семинардың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақтың бойына халқымыздың бай мұрасы мен рухани қазынасын сіңіру, сондай-ақ қазіргі білім беру жүйесінде тәрбие жұмысын ұлттық негізде жаңғыртудың тиімді жолдарын көрсету болды. Бұл семинар – ұстаздар қауымы үшін тәжірибе алмасудың ғана емес, ұлттық тәрбиенің маңызын терең түсінудің алаңы болды», — дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Мақпал Мұхамбетова.
Семинар шымылдығы ұлттық нақыштағы әсерлі көрініспен түріліп, қонақтарға қазақы дәстүрге сай ақжарма қарсы алу рәсімі ұсынылды. Келген меймандар мектеп қабырғасында ұйымдастырылған мазмұнды көрмелермен танысып, ұлттық құндылықтардың бүгінгі білім беру үдерісіндегі маңызы мен орнына тереңірек үңілуге мүмкіндік алды. Көрмелерде халқымыздың салт-дәстүрі, тұрмыстық бұйымдары мен қолөнер туындылары кеңінен насихатталды. Іс-шара аясында «Шеберлер алаңы» ұйымдастырылып, онда ісмер ата-аналар мен өнерлі оқушылар құрақ құрау, қамшы өру, тоқыма тоқу, зергерлік бұйымдар жасау сынды ұлттық қолөнердің сан қырын паш етті. Бұл алаң – атадан балаға мирас болған асыл өнердің үзілмес жалғасы екенін айқын көрсетті. Сонымен қатар, семинар барысында мазмұнды ашық сабақтар мен тағылымды тәрбие сағаттары өткізілді. Педагогтар «Адал азамат» бағдарламасының негізгі бағыттарын сабақ үдерісіне шебер кіріктіріп, ұлттық құндылықтарды заманауи әдіс-тәсілдер арқылы жеткізудің озық үлгілерін таныстырды.
— Әсіресе, цифрлық платформаларды тиімді пайдалану арқылы ұйымдастырылған сабақтар қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, жаңа серпін берді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – бүгінгі білім беру жүйесінің өзекті бағыты. Біз осы жолда заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы жас ұрпаққа сапалы тәрбие беруге ұмтыламыз», — дейді Құмкешу мектебінің директоры Арайлым Қылышбаева.
«Даналық мектебі – ұлттық құндылықтар тоғысы» атты аудандық семинар – ұлттық рухты жаңғыртуға, жас ұрпақтың бойына ізгілік, адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерді дарытуға бағытталған мазмұны бай, тағылымы терең шара болды. Осындай игі бастамалар – ұлт болашағын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып, рухани құндылықтардың өміршеңдігін айқындай түсері анық.
Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,
Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенттері,
Амангелді ауданы
