Елімізде кеңінен аталып өтіп жатқан «Наурызнама» онкүндігінің «Шаңырақ күні» Қостанайда жас жұбайлар не қию туралы куәліктерін алды. Жас отбасына осындай мереке сыйлап, олардың қуанышына себепші болған Қостанай облысының Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және мұрағаттар басқармасы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері.
Куәлік табыстау рәсімі қаладағы Салтанат сарайы ғимаратында өтті. Халқымыз үшін шаңырақ – отбасының, бірліктің, берекенің белгісі. Осыған орай, салтанатты іс-шара барысында үлкен буын өкілдері жас отауға ақ тілектерін арнап, өмірлік мәні зор өсиеттерін жеткізді. Екі мекеме басшылары отбасылық өмірге енді ғана қадам басып жатқан жұпқа бақыт тілеп, сый-сияпат табыстады.


«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылды ел Президенті цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған орай Digital Nauryz бастамасы қолға алынған. Біз Наурызнама онкүндігі аясында бұл іс-шараларды ерекше форматта өткіздік. Бүгінгі күн – Шаңырақ күні. Осыған байланысты біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылығымен бірлесіп, жас жұбайларды құттықтадық. Сонымен қатар, іс-шара аясында бүгін АХАТ орталығына келген азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу дағдылары мен технологиялары бойынша, атап айтқанда, eGov порталы мен оның мобильді қосымшасын пайдалану жөнінде түсіндіру және оқыту жұмыстарын жүргіздік», – дейді ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Кашиев.
Жастарды құттықтауға әріптестері мен жақындары жиналды. Екі жас сырттан ішке енген бетте шашу шашылды.
«Қостанай облысы әкімдігінде Бірыңғай персоналды басқару қызметінде бас маман болып жұмыс істеймін. Жақында ғана үйлендім. Жұбайымның есімі – Айгерім. Біз онымен бір жыл бұрын Қостанай қаласы әкімдігінде танысқан едік. Енді міне, таныстықтың арты сүйіспеншілікке ұласып, шаңырақ көтердік. Ерекше атап өткім келетіні, дәл 17-наурыз «Шаңырақ күні» неке қию куәлігімізді алғандығымыз. Бұл өміріміздегі ең есте қалатын сәттің бірі», – дейді салтанатты рәсімнің басты себепкері Мәди Төлеген.

Қалалық Азаматтық хал актілерін жазу бөлімінің бас маманы Жауһар Атамбосованың айтуынша, жыл басынан бері облыс орталығында 349 жас некесін қиған.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
