Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған онкүндік аясында ерекше мәнге ие күндердің бірі «Шаңырақ» күні. Бұл күн – отбасы құндылықтарын дәріптеп, мейірім мен сүйіспеншіліктің, татулық пен түсіністіктің маңызын айқындайтын мереке.
Отбасы – ең үлкен бақыт. Дәрігерлік қызметті кез келген адам таңдай бермейді. Күрделі мамандықтың қыр-сырын меңгерумен қатар, үлкен жауапкершілікті, сабыр мен төзімділікті талап етеді. Адам өміріне араша болу – жүректің батылдығы мен жанның мейірімін қажет ететін қасиетті міндет.
Ал осы жолда қатар жүрген отбасылар да бар. Жұмыста бірге еңбек етіп жүрген жұбайлардың бірі – Рудный қаласының жедел жәрдем қызметінде еңбек ететін жас маман Нұрсұлтан Хасеновтің отбасы.
Нұрсұлтан Арқалық қаласында дүниеге келген. Медицина саласын жүрек қалауымен таңдаған ол бүгінде фельдшер болып қызмет атқарып, адам өмірі үшін күресіп жүрген мамандардың қатарында.
«Негізі дәрігерлік қызмет – өте ауыр жол. Бірақ өзім таңдаған мамандығым болғандықтан, оны шын жүрегіммен жақсы көремін. Қиындығы да, қызығы да көп. Бұл салада ең бастысы – төзімділік пен жауапкершілік. Менің жұмысым адамдарға көмектесу және олардың өміріндегі ең маңызды сәттерде жанынан табылу», – дейді ол.
Күн сайынғы шақыртулар, әрбір тағдыр, әрбір құтқарылған өмір – оның кәсіби жолындағы үлкен жауапкершілікті одан әрі арттыра түсері белгілі. Алайда ол медицина жолында жалғыз емес. Жұбайы Әсем Есімсейітова да дәл осы саланың маманы. Екеуі бір бағытта еңбек етіп, бір-бірін сөзсіз түсінетін жандар. Бұл жұмыстың қаншалықты қиын әрі жауапты екенін олар жақсы біледі. Қиналғанға көмек беріп, ең бірінші болып жәрдемге жететін де осындай ақ халатты абзал жандар. Олар адам өмірін сақтап қалу жолында талай қиындықты еңсеріп, талай сыннан өтеді.
Нұрсұлтан мен Әсем Арқалық медициналық колледжін бірге тәмамдады. Студенттік жылдары басталған достық уақыт өте келе шынайы махаббатқа ұласты. Оқудан соң Нұрсұлтан Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, азаматтық парызын абыроймен өтеп қайтты. Елге оралған соң, 22 қазан күні қос жас шаңырақ көтеріп, жаңа өмірге нық қадам басты. Бұл күн олардың өміріндегі ең бақытты әрі ұмытылмас сәттердің бірі болды.
Бүгінде олардың шаңырағында шаттық пен күлкіге толы күндер жалғасуда.

Жас отбасында дүниеге келген қыздары үйдің берекесін кіргізіп, өмірлерін жаңа мағынамен толықтырды.
«Мен үшін отбасы – ең үлкен бақыт, тірек және өмірімнің мәні», – дейді Нұрсұлтан.
Шаңырақ күні – осындай отбасылардың қадірін ұғындырып, әр үйдің берекесі мен бірлігін арттыра түсетін ерекше мереке. Өйткені әрбір бақытты отбасы – қоғамның берік негізі, елдің ертеңі.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
