Жедел жәрдемдегі жанашыр жұбайлар

Жедел жәрдемдегі жанашыр жұбайлар

Дәрігерлік қызмет сезімталдық, жүрек пен зор жауапкершілікті талап ететін мамандық. Әсіресе жедел жәрдем саласында еңбек ету оңай емес екені белгілі. Уақытпен санаспай, адам өмірі үшін күресудің мәні бөлек.

Осындай жауапты жолды таңдаған отбасылардың бірі – Арқалық қаласында еңбек етіп жүрген Дүйсен Тұржанов пен оның жұбайы Мадина Ахметжанова.

Дүйсен Тұржанов Арқалық медициналық колледжін 2016 жылы тәмамдаса, жұбайы Мадина Ахметжанова 2017 жылы осы оқу орнын аяқтаған. Екеуі де таңдаған мамандықтарына адал болып, оқу бітірген соң «Қостанай облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» Арқалық қалалық бөлімшесінде фельдшер қызметін атқарып келеді.

Ортақ мамандық, ортақ мақсат оларды жақындастырып, отбасын құруға жетеледі. Сөз байласып, шаңырақ көтерген жас жұп бүгінде екі баланың ата-анасы атанып, отбасылық бақыттың дәмін татып отыр.

Жедел жәрдем қызметінде екеуі де еңбек етіп жүр. Мұнда әрбір минут қымбат, әрбір шешім адам тағдырына әсер етеді. Сондықтан бұл жұмысты төзімді әрі батыл жандар ғана таңдайды.

«Біз үшін жедел жәрдемде жұмыс істеу жауапкершілік. Тәулік бойы тоқтамай жүретін кездеріміз болады. Сол себепті біз әрқашан дайын болуымыз керек», – дейді олар.

Ерлі-зайыпты мамандар бір-бірін сөзсіз түсініп, қиын сәттерде қолдау көрсетіп, ортақ мақсат жолында бірге еңбек етеді. Бүгінде Дүйсен мен Мадина – тек білікті мамандар ғана емес, үлгілі ата-ана, еңбектері арқылы адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып, өзгелерге үміт сыйлап келеді.
Осындай ақ халатты жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Олардың әр күні ерлікке пара-пар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА