Диана Рақпанова: «Дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде өтті»

Диана Рақпанова: «Дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде өтті»

Референдумды өткізуге дейін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілгенін атап өткен жөн. Екі ай бойы облыстың барлық қалалары мен аудандарында қоғамдық байқаушыларға арналған оқыту семинарлары өткізілген. Бұл туралы «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Диана Рақпанова баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қостанай облысында референдум барысын «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы республикалық қоғамдық бірлестігі қас қақпай қадағалап отырды. Филиал төрағасы Диана Рақпанованың хабарлауынша, облыста 700 ашық учаске, ал қалада 94 ашық учаскеде жұмыс жүрген. Әр учаскеде екі мегзіл кезекпен байқаушылар референдум процесін тәулік бойы қадағалады.

            «Дауыс беру күні байқаушылар учаскелерде таңғы ашылған сәттен бастап, барлық рәсімдер толық аяқталғанға дейін болды. Олар дауыс беру барысын, сондай-ақ учаскелік комиссиялардың жұмысын бақылап, әрбір азаматтың дауыс беруге еркін әрі еш кедергісіз қатыса алғанын растады. Байқау барысында ашықтық пен заңдылық қағидаттарының сақталуына ерекше көңіл бөлінді. Кейбір жұмыс барысындағы жекелеген жағдайлар тіркелгенімен, олар елеусіз сипатта болды және жедел түрде шешілді. Жалпы алғанда дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес өтті», – дейді Диана Рақпанова.

Сонымен қатар төраға өңір тұрғындарының азаматтық белсенділігі де ерекше байқалғанын айтады. Сөзінше, күні бойы барлық учаскелерде сайлаушылардың белсенділігі жоғары болған. Тұрғындар дауыс беруге келіп, өздерінің азаматтық ұстанымын және елдің қоғамдық өміріне деген қызығушылығын көрсетті.

            «Ресми мәліметтерді дауыс беру қорытындысы бойынша уәкілетті органдар жариялайды. Дегенмен қазірдің өзінде халықтың белсенді қатысуы жоғары болғанын айтуға болады. Бұл ұрпақтар сабақтастығын да көрсетті: көптеген қалалар мен аудандарда бір отбасының екі, үш, тіпті төрт буыны бірге келіп дауыс берген жағдайлар байқалды. Сондай-ақ байқаушылар өз жұмыстарын түнгі уақытта да жалғастырып, дауыс санау процесін бақылап отырды. Дауыстарды санау заң талаптарына сәйкес ашық түрде, байқаушылардың қатысуымен өтті. Бұл қоғамдық байқаудың қосымша деңгейін қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, байқаушылар учаскелік комиссия хаттамаларының көшірмелерін әлеуметтік желілерде жариялап, баршаға танысуға мүмкіндік берді. Осылайша сайлау учаскелерінің ашылуынан бастап қорытынды шығаруға дейінгі бүкіл процесс қолданыстағы заңнама аясында және қоғамдық байқау арқылы өтті. Жалпы алғанда қоғамдық байқау – сайлау процестеріне қоғамның сенімін арттырудың маңызды құралы болып қала береді. Біздің ұйымның байқаушы ретінде көп жылдық тәжірибесі бар және біз өз жұмысымызды үнемі жетілдіріп келеміз. Жинақталған тәжірибе қоғамдық байқауды кәсіби деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді және сайлау комиссияларының жұмысының ұйымдасқан түрде өтуіне ықпал етеді. Біз қоғамдық қызмет арқылы заңдылықты, ашықтықты қамтамасыз етуге және азаматтардың сайлау рәсімдеріне деген сенімін арттыруға үлес қосып отырмыз деп есептейміз», – деді ол.

Қоғамдық байқаушылар коалициясы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл олардың тәжірибесінде – төртінші науқан.

            «Ал бұзушылықтарға келетін болсақ, облыс бойынша елеулі заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Ұсақ сипаттағы кейбір жағдайлар болды, бірақ олар жергілікті жерде жедел түрде шешілді. Мысалы, бір жағдайда балдақпен жүрген азамат дауыс беруге келген. Онымен бірге еріп келген адам бюллетеньді дауыс беру кабинасына апарып бермек болған. Байқаушылар мұндай әрекет заң талаптарына қайшы екенін ескертіп, жағдайды түсіндірді. Кейін мәселе бірден реттелді. Байқаушылар облыстың барлық аумағында жұмыс істеді. Жалпы саны 700 сайлау учаскесінде бақылау жүргізілді. Байқаушылар ауысымдық кестемен – түске дейін және түстен кейін жұмыс істеді. Жалпы алғанда 1400 байқаушы дайындықтан өтті және облыстағы барлық сайлау учаскелері қамтылды. Байқаушыларды оқыту шамамен бес аптаға созылды. Соңғы семинар «Тыныштық күні» қарсаңында, яғни 13 наурызда өткізілді», – деп қорытты ол.

Суретті түсірген — Василий ВАСИЛЬЕВ