Жағымды жаңалық. Жерлесіміз, Арқалық қаласына қарасты Фурманов ауылындағы «Алтай-жер» шаруа қожалығының механикаландырылған қырман басшысы Гүлдариха Алтаева ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен наградталды.
Гүлдариха Өтелбайқызы 1979 жылы 27 ақпанда Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарысу ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1989 жылы Сарысу негізгі мектебінің 1 сыныбына барып, 1995 жылы Қаратүбек орта мектебінен 11 сыныпты бітіреді. Оқуды аяқтаған соң тігіншілік мамандығынан білім алады. 1998 жылы тұрмысқа шығып, жолдасы Игілік Тоқбайұлымен екеуі бүгінде үш баланың ата — анасы, үш немеренің ата — әжесі.

Жоғары награда иесі 2004 жылдан бастап қайын ағасы Берік Тоқбайұлы құрған «Алтай-жер» шаруа қожалығында механикаландырылған қырман басшысы болып жұмыс атқарады.

«Ауылшаруашылығында жұмыс істеген өзіме сондай ұнайды. Еңбегімнің еленіп жатқанына өте қуаныштымын. Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа зор алғысымды білдіремін. Осындай жетістікке жетуіме үлесін қосқан қайын ағам мен құдай қосқан қосағыма және Арқалық, Қостанай қаласының әкімшілік басшылығына алғысымды айтамын», – дейді мемлекеттік награда иесі Гүлдариха Алтаева.
Әріптестерінің айтуынша ол өзін жылдар бойы адал еңбегімен ауыл шаруашылығы өндірісінде терең білімі мен практикалық тәжірибесі бар жоғары кәсіби, жауапты және белсенді маман ретінде дәлелдеді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті және өзіне және ұжымына қойылатын жоғары талаптар механикаландырылған егістіктің тұрақты, үздіксіз және тиімді жұмысын қамтамасыз етеді.

Гүлдариха Алтаева фермерлік шаруашылықты дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы техникасын ұтымды пайдалануға және өндірістік процестерді басқарудың озық әдістерін енгізуге айтарлықтай үлес қосып келеді. Жұмысында еңбек тәртібін, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау стандарттарын қатаң сақтайды. Жоғары еңбекқорлығымен, адалдығымен және жұмысына жауапкершілікпен қарауымен ерекшеленеді. Әріптестері мен басшылық арасында зор құрметке ие.
Бұл тұлғаның өзі таңдаған кәсібилік саласына берілгендіктің және аймақтық ауыл шаруашылығының мүдделеріне қызмет етудің озық үлгісі болып табылады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
