Қыстың соңғы айы аяқталуға таяды. Бір жетіден соң наурызға аяқ басамыз. Әзірге қар көбесі сөгіле қоймаса да кенеттен еріп сала беру бек мүмкін. Күн райы емес пе, сәуір тумайынша мың құбылады әлі. Қол қусырып отыруға тағы болмас.
Сондықтан Қостанай қаласының билігі көктемгі су тасқынына осы бастан қамдануда. Дүйсенбілік дәстүрлі аппарат кеңесінде әзірлік шарасын пысықтады. Табиғаттың тосын мінезіне қайтсек төтеп береміз деген сауалды жан-жақты талқылады.
Қала әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов мінбеге шығып, мән-жайды баяндады. Оның айтуынша, облыс орталығында жер тоңының қату тереңдігі 110 см жетеді. Қыс мезгіліндегі жауын-шашын мөлшері 90 мм құрады. Қала билігі Тобыл өзені мен Амангелді су қоймасындағы ахуалды күн сайын бақылап отыру үшін «Қазгидромет» РМК және «Қазсушар» РМК-ның Қостанай филиалдарымен ақпарат алмасу жөнінде ынтымақтастық орнатқан. Су тасқыны маусымына дер кезінде және жан-жақты дайындықты қамтамасыз ету үшін әкімдіктің жұмысы жоспарлы кесте бойынша ұйымдастырылып, ерекше бақылауға алыныпты.

«Қостанай ауданындағы егіс алқаптарынан келетін еріген қар суын, қала ішіндегі және қар жинау полигондарындағы еріген қар суын дер кезінде ағызып жіберіп, жер асты суларының деңгейін бақылауда ұстау маңызды. Осы мақсатта қалада су бұру арналары салынды. Қостанай сай, Әбіл сай, Қонай тұрғын үй алабы, Амангелді тұрғын алабы, Текстильщик саяжайының аумағында 43 су өткізгіш инженерлік құрылым бар. Қаладағы нөсер кәріздерінің жалпы ұзындығы 110 шақырымды құрайды. Соңғы екі жылда қала бойынша жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайтын 58 учаскеде нөсер кәріздерінің жобасы аяқталды. Бірінші кезекте қаланың солтүстік-батыс ауданындағы мәселе шешімін тапты», – деді Алмат Исмағұлов.
Еріген қар суын бөгемей, кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық нөсер кәріздері мен су бұру арналарын, су өткізу құбырларын, арықтар мен сайларды тазарту күн тәртібіне қойылды. Бұл жұмыс су тасқыны маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс екенін айтты қала әкімінің орынбасары. Сонымен қатар қала ішіндегі қарды уақытылы шығарудың да маңызы зор екенін еске салды. Жыл басынан бері қала көшелерінен 202 мың тонна қар шығарылған. Ал былтырғы көрсеткіш 96 мың тоннаны құрады. Шаһарда биыл бес қар полигоны жұмыс істеуде. Бұл – жүктемені өзара бірдей бөлуге, қар аршу жұмысының қарқынын жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Қала әкімінің орынбасары су басу қаупі жоғары аумақтарды атады. Қостанай-2 шағын ауданындағы 220 аула қауіпті аймақта қалып отыр. Бұл жердегі қар аршу жұмыстары ТКШ бөлімі мен мердігер ұйымның бақылауына алынған. Әлеуметтік осал топтар мен зейнеткерлер тұратын аулалардың тазалығына еріктілер жұмылдырылмақ. Қажет болған жағдайда ТЖБ іске кіріседі. Юбилейный, Береке, Алтын Арман шағын аудандары мен Өндірістік аймақта – темірбетонды каналдардан жасалған дренаж жүйесі іске қосылып, тазалау жұмыстары басталды.

«Текстильщик» бау-бақша қоғамында былтыр су өткізгіш құбырларын орнату және өзен арнасын тереңдету жұмыстары жүргізіліп, еріген қар суы жиналатын жыра бойындағы бір саяжай сатып алынды. Бүгінде ол маңда құбырлар мен өзен арнасын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Узкоколейная ауданындағы еріген қар суын бұрып жіберу жұмысы да жергілікті биліктің бақылауында.
Аэропорт шағын ауданында былтыр дренажды жүйе салынды. Соның нәтижесінде көп қабаты тұрғын үйлердің жертөлесін су басу сейілді. Ол жерде қазір «Тарелочка» көлін тазарту шаруасы жүріп жатыр. Қала әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, бұл жоба 10-наурызға дейін аяқтауы тиіс.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ
