«Ұлттық құндылықтар – ұлттың болмысын айқындайтын басты қазына». Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан тағылымды ой. Шынында да, дәстүр мен руханият сабақтастығы үзілмеген жерде ұлттың еңсесі биік болады. Осы сөздің дәлелі – Қостанайда өткен асық атудан қалалық финалдық жарыс.
Қазақтың қанына сіңген асық ойыны бүгінгі таңда тек ойын емес, жас ұрпақ тәрбиесіне қызмет ететін рухани сабаққа айналды. Бірнеше күнге созылған тартысты дода финалдық кезеңге жетіп, қатысушылар өз шеберліктерін көрсетті.
Жалпы жарысқа 63 команда, 315 бала қатысты. Оның ішінде 12 мектепалды даярлық сыныбы, 24 мемлекеттік балабақша және 27 жекеменшік балабақша командалары ұлттық ойын көрігін қыздырды. Бұл – асық ойынына деген қызығушылықтың жоғары екенін айқын көрсетеді.

«Асық ату – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Бүгінгі жарыс – сол дәстүрдің заңды жалғасы. Балалардың қызығушылығы қуантады. Осындай игі шаралар арқылы біз жас буынның бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастырамыз», – деді Жарыс барысында сөз сөйлеген Какашев Каршал Төлегенұлы.

Ата-аналар да шараның тәрбиелік мәнін жоғары бағалады.
«Балаларымыз ұлттық ойын арқылы тек жарысып қана қоймай, достық пен ұйымшылдықты үйренеді. Асық – біздің балалық шағымыздың бір бөлігі. Мұндай жарыстар жиі өтсе, ұлттық рухымыз одан әрі нығая түсер еді», – деді Қатысушылардың бірінің әкесі Абылай Доскеев.
Сайыс төрешісі Сайлау Омарова да:
«Мұндай жарыстар балалардың спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық дәстүрге деген құрметін арттырады», – деп бағасын беріп өтті.

Финалдық дода жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әділ бәсеке рухында өтті. Әр команда жеңіске деген жігерін танытып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Асықтың сартылы – тек ойын үні емес. Ол – ұлттық сананың жаңғырығы, дәстүрдің жалғасы, ұрпақ сабақтастығының белгісі.
І орын: №8 «Бөбекжай» балабақшасы
ІІ орын: №61, №16, №44, №3 балабақшасы
ІІІ орын: «Ақжелкен» балабақшасы, №11, №5 балабақшасы
Диана Доскеева,
Суреттерді түсірген Әли Сәлім
