Амангелді ауданында пікірсайысшылар турнирі өтті

Амангелді ауданында пікірсайысшылар турнирі өтті

Амангелді аудандық білім бөлімі жанынан құрылған пікірсайыс лигасының бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, аудандық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Аталған турнир «Ұшқыр ой алаңы» мәдени-ағартушылық жобасы аясында жүзеге асырылды. Бұл жоба ауданның жалпы білім беретін мектептерінде 2021 жылдан бері жүйелі түрде іске асып келеді.

Бүгінгі таңда жоба аясында 17 пікірсайыс клубы тұрақты жұмыс істеп, 368 оқушыны қосымша білім беріп келеді. Пікірсайыс оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, өз көзқарасын дәлелді түрде жеткізуге және қоғамдық маңызды мәселелерге саналы түрде үн қосуына мүмкіндік беруде. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудан мектептерінде зияткерлік орта қалыптасып, оқушылардың белсенділігі мен көшбасшылық қасиеттерін арттыру көзделген.

— «Ұшқыр ой алаңы» мәдени-ағартушылық жобасы аясында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған дебат турнирі жоғары деңгейде өтті. Аталған зияткерлік додаға аудан көлеміндегі 10 дебат клубынан құралған командалар қатысып, өзара бақ сынады. Турнирдің басты мақсаты – оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту, өз пікірін еркін әрі дәлелді түрде жеткізуге үйрету, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар тақырыптарға бейжай қарамауға тәрбиелеу болды. Осындай пікірсайыс алаңдары жасөспірімдердің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, көшбасшылық қасиеттерін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Мақпал Мұхамбетова.

Турнир барысында, қатысушыларға жасанды интеллект, әлеуметтік желілердің бала дамуына ықпалы, сондай-ақ құқықтық мәдениетке қатысты өзекті қарарлар ұсынылды.

blank blank blank

Аталған тақырыптар аясында командалар дүниежүзілік мектеп дебаты форматы бойынша пікірсайысқа түсіп, заманауи қоғамдағы маңызды мәселелерге қатысты өз көзқарастарын дәлелді түрде қорғады.

blank

– Турнир тартысты өтті. Қатысушылардың дайындығы мен ой ұшқырлығы айқын байқалды, ұсынылған қарарлар да өзектілігімен және жаңашылдығымен қызықтырды. Пікірталас барысында әр команда өз көзқарасын дәлелдеуге тырысып, мазмұнды ойлар ортаға салды. Сонымен қатар, бұл сайыс бізге өз мүмкіндіктерімізді саралап, білімімізді тереңдету қажет екенін көрсетті. Әсіресе, кейбір тақырыптар бойынша әлі де пысықтау, жан-жақты талдау жасау керектігін түсіндік. Мұндай турнирлер тәжірибе жинақтауға, логикалық ойлауды дамытуға және алдағы жарыстарға тың серпін берері сөзсіз, – дейді Амангелді жалпы білім беретін мектебі жанынан құрылған «Зияткер» командасының мүшесі Айғаным Серікқызы.

Тимур ШАГИРОВ,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4-курс студенті

Амангелді ауданы