Әділхан қалай кәсіпкер атанды?

Әділхан қалай кәсіпкер атанды?

Әулиекөл ауданының Новонежин ауылдық округіне қарайтын Жосалы – шағын ғана бөлімше. Ауыл іргесінде сүт фермасының құрылысы басталып, жаңа жұмыс орындары ашылатынын хабарлаған едік. Осындай игі бастамалардың бел ортасында жүрген азаматтың бірі – Әділхан Дәуренбеков.

Ол Науырзым ауданының тумасы. Әулиекөлде білім алып, мамандығы бойынша дене шынықтыру жаттықтырушысы атанған. Ішкі істер саласында 14 жыл еңбек еткен. Қызметі тұрақты, айлығы бар. Бірақ соңғы жылдары елге оралып, мал шаруашылығын жандандырғысы келді. Әкесі Марат Дәуренбеков – көп жылдардан бері механизатор. Жер емген қазақ. Трактор тізгіндеген, мал баққан қарапайым еңбек адамы. Әке жолын жалғап, ауылға оралу Әділханның саналы таңдауы болды.

«Қазір ауылда ешкім қалғысы келмейді. Тек түпкілікті тұрғындар ғана бейнетіне шыдайды. Малдың қысқы азығын, жем-шөбін түгелімен өзіміз дайындаймыз. Жем қымбат болса да жайылымнан қиындық жоқ», – дейді ол.

Ауылға қоныс аударғаннан кейін ауыл әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасын таныстырған. Үкіметтен 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі туған. Соның нәтижесінде алдымен әкесі – 172 бас қой, келер жылы өзі нар тәуекел деп, 28 бас ірі қара сатып алды

Былтыр ірі қараның оншақтысы бұзаулап, сүт өнімдерін өндірді. Биыл сиырлардың бәрі бұзауласа, шаруашылық кеңейе түспек. Шаруашылыққа қарайтын көмекшілер бар, балалары, келіншегі бәрі бір кісідей жұмылады.

Ал жаз мезгілінде олар 2 мыңға жуық қаз өсіреді. Үйінің қасынан арнайы қора салып, шаруасын жүйелі жолға қойған.

Әділханның жары Айгүл – қаладағы мектепте мұғалім. Екі ортада қатынап жұмыс істейді. Оның атына да шаруа қожалығы ашылып, жылқы алынған. Жұбайлар екі ұл мен қыздарын өсіріп отыр. Жазғы демалыста бұл отбасында қарап отыратын адам жоқ. Жаз бойы сүт сауылады, одан май, ірімшік, қаймақ дайындалады. Ал балалары қарайласып, қаз бағады.

Былтыр сүт қолмен сауылса, биыл арнайы сауу аппараты алынған. Ол еңбекті жеңілдетіп, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Қазды жаз бойы бағып, қыс түсе сатуға шығарады. Жаңа жылға дейін түгел өткізіп үлгереді. Табысты болу үшін еңбек керек. Онсыз болмайды.

Ауыл іргесінде салынып жатқан сүт фермасы тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашар. Малға жайлы, жайылым жеткілікті. Бастысы мектеп жабылмаса екен деген тілек бар. Өйткені мектеп бар жерде  өмір бар.

Әділхан секілді азаматтар ауылдың шырағын сөндірмей отыр. Қаладағы қызметін тастап, ауылға оралу оңай шешім емес екені белгілі ғой. Ендігі жоспары – сүт өнімдерін көбейтіп, қаз етін арттыру, шаруашылықты кеңейту.

Жосалы үлкен өндіріс орталығы емес. Бірақ мұнда нағыз еңбек бар. Еңбек бар жерде береке бар. Береке бар жерде болашақ бар. Ауылдың ажары – еңбек адамы. Ал Жосалының бүгінгі келбеті – дәл осындай азаматтардың арқасы.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Әулиекөл ауданы, Жосалы ауылы