Биыл облыс орталығында бірнеше спорт нысанының құрылысы аяқталады. Биыл қазығы қағылатын нысандар да баршылық. Бұл жөнінде облыс әкімі КПА зауытында өткен жиында айтты.
Атап айтқанда, таяу арада Үстел теннисі орталығының және «Осминог» аквапаркінің құрылысы тәмамдалмақ. Әсіресе, аквапарк ауқымы бұрынғысынан әлдеқайда кеңейе түседі.

«Аквапарк көлемі екі есе ұлғайып, 9 мың шаршы метрге жетеді. Ішіндегі су қоры үш есе көбейеді. Ал сыйымдылығы 500 адамдық болмақ. Бірінші қабатында аквааймақ орнатылады. Бассейндер саны да артады. Жүздеген адамға арналған фуд-корт та қарастырылған», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Қостанайда мүгедектігі бар жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Оны «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырғалы отыр.
«Бұл көп жыл шешімін таппай келген мәселе еді. Қордың арқасында әртүрлі мүгедектігі бар адамдардың қажеттілігіне сай келетін арнаулы спорт кешенін іске қосамыз. Мұнда бейімделген тренажерлер орнатылып, білікті мамандар жұмыс істейді», — дейді өңір басшысы.

Мұның сыртында облыс орталығындағы триатлон паркі аумағында көп функциялы стадион салынып жатыр. Ашық және ақысыз спорт алаңы тұрғындар мен қонақтардың сүйікті орнына айналмақ.

Айта кетейін, Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданында 3 мың орындық Спорт сарайының, Арқалықта жабық хоккей кортының және көп функциялы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
