Автожол саласын қаржыландыру жыл санап артып келеді. 2025 жылы бұл салаға 103 млрд теңге жұмсалған. Бұл — 2024 жылғыдан 40% артық көрсеткіш.
Аталған ақпарат КІА зауытындағы қорытынды жиында айтылды.

Былтыр 1,3 мың шақырым автожол, облыстың 103 елді мекеніндегі 400-ден астам көше, 60-қа жуық ауылдың кіреберіс жолы жөнделген.

«Арқалық қаласынан Ұлытау облысы шекарасына дейін, Сарыкөл ауданынан СҚО шекарасына дейін, Ұзынкөл-Троебрат тас жолы учаскесі, Бестөбе ауылынан Ақтөбе облысы шекарасына дейін, Тымтәуір ауылынан Ақмола облысы шекарасына дейін жол жөндеу жұмысы толық аяқталды. Нәтижесінде, облыстың негізгі көлік байланысы жаңартылды, логистика мен транзиттік тасымалдау сапасы жақсарды», – деді Құмар Ақсақалов.
Бұдан бөлек, ауылдарды ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқтала кетті. Былтыр облыста 37 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылған. Өңір басшысы ендігі мақсат тіршілік нәрінің әр аулаға кіруін қамтамасыз ету екенін айтып отыр.

Ол ұсынған мәлімет бойынша, ауылдық жерлерде ұзын саны 80 619 аула бар екен. Ауыз су енгізілген аула саны 2024 жылы 57 мыңға жуық болса, былтыр 63 716-ға жеткен. Бұл — 80% көрсеткіш.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
