Өнеркәсіп саласын дамыту үшін ірі инвестжобалар жүзеге асады. Облыс әкімі олардың бірнешеуін таныстыра өтті.
Ең елеулі жобалардың қатарында Рудныйда салынып жатқан ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт және Лисаковта бой көтергелі отырған темір кені қалдығын қайта өңдейтін кәсіпорын бар.

«Бидайды тереңдете қайта өңдейтін «Qostanay Grai Industry» жобасы да қолға алынды. Мұнда глютен, крахмал, лизин, биоэтанол сияқты жаңа өнімдер шығарылады. Бұдан бөлек, газ-химия кешенін салу жобасы пысықталып жатыр. Оған көп мөлшерде көгілдір отын қажет. Сондай-ақ боксит сазтопырағын (алюминий тотығын) өндіретін зауыт салу жоспарда бар», – деп толықтырды Құмар Ақсақалов.

Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу де назарда ұсталады. Бұл саланы дамыту үшін 50 млрд теңге бөлінбек.
«Қаржы айдаудағы мал шаруашылығы жобаларына, жайылым инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Бұл бәрінен бұрын Арқалық қаласы маңында, Амангелді, Жангелдин аудандарында іске аспақ. Осы қаражаттан 6%-бен 7-10 жылға несие беріледі», – деді бұл жөнінде облыс әкімі.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
