Мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен облыстық спартакиаданың биылғы бас жүлдесін қамыстылықтар жеңіп алды. Бұл жолы 35 команда спорттың тоғыз түрінен сайысқа түскен еді.
Екі күнге жалғасқан сайыста командалық есеп орын санынан бөлек, кейбір спорт түрлерінде жинаған ұпайларының көрсеткішімен белгіленді. Осылайша командалық есепте қамыстылықтар 214 ұпаймен жеңімпаз атанды. 205, 189,5 ұпай жинаған жітіқаралықтар мен Федоров ауданының мемлекеттік қызметкерлері өзара екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Жекелей сындарда волейболдан спартакиаданың бас жүлдесі қамыстылықтарға бұйырды. Жүзу мен шағын футболдан Лисаков қаласының ұжымы үздік деп танылды. Федоров ауданынан келген команда арқан тартудан есе жіберген жоқ. Жанкелдин ауданының ұжымы қазақ күресі мен гір көтеруден бірінші орын алды. Б.Майлин ауданының ұжымы жеңіл атлетикадан, аманкелділіктер тоғызқұмалақтан озды. Үстел теннисінен үздік деп танылған –облыстық кірістер департаментінің өкілдері.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілер спартакиадасы былтырғыдан өзгеше сипатта өтті. Облыс деңгейінде өткен жарысқа қазақтың ұлттық ойындары да қосылып отыр. Әр аудан мен қаладан жиналған ойыншылардың қарқыны да жақсара түскені байқалды.
«Мен кішкене кезімнен бастап ұлттық ойынды жаныма серік еттім. Соның пайдасын бүгінде көріп келемін. Себебі тоғызқұмалақ логиканы дамытады. Мені таңдандырған бір нәрсе тоғызқұмалақты тек қазақ қана емес, басқа ұлт өкілдері де жақсы меңгергендігі ерекше әсер қалдырды» , – дейді Аманкелді ауданы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және өтініштерді бақылау бөлімінің бас маманы Нұрай Кенжеахметова.
Костанай аудандық кірістер басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жәнібек Тұрағұл үстел теннисін ойнағанды әуелден ұнатады. Оған дайындықты мектеп қабырғасында, одан Алматыдағы жоғары оқу орнында оқып жүргенінен жалғастырыпты. Қызметке орналасардың алдында арнайы курсқа жазылған. Соның пайдасын бүгін көріп, финалдық бәсекеде жітіқаралық қарсыласынан басым түсті.
Спартакиада ойындарының ең қызығы «Затоболец» стадионында өткенін айта кетейік. Онда шағын футболдан қала әкімінің орынбасары Асан Шектібаев бастаған Лисаков құрамасы мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерімен кездесіп, ең мықтыны пенальти сериясы арқылы анықтады. Бұған дейін жарыс чемпионы атанған Лисаков құрамасы жеті бірдей командадан басым түсіп, Қарабалық командасына есе жіберген. Кейінгі қарымта кездесуде басты қарсыластарын ұтып, жарыс жеңімпазы атанып отыр.
Волейболдан өткен бәсекенің тартыстылығы сондай, сайыс екі түрлі деңгейде бөлек орындарда ұйымдастырылды. Бұл спорт түріне қатысушы командалардың да саны артқан.
«Волейболдан біздің құрама жылда жүлдеден үмітті. Биыл бәсекелестік жоғары екенін көріп тұрсыздар. Қағаздан бас алмайтын қызметкерлер ретінде ғана емес, спорттық қабілетіміз бар екенін жыл сайын байқатып отыратын осындай іс-шараның ауқымы кеңейіп жатқанына қуаныштымыз. Әріптестермен жақынырақ танысуға да бұл жарыстың пайдасы мол», – дейді Жанкелдин ауданы әкімі аппаратының кадрлармен жұмыс және заң бөлімінің бас маманы Бекзат Нұрпейісов.
Қызметте ғана емес, мемлекеттік қызметкерлердің жан-жақты екенін көрсетуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға қатысушылар осылайша дән риза екенін білдіруде.