Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілі Мирас Нұрсұлтанов айтты.
Оның айтуынша, облыста өткен жылы қылмыстық ахуалдың жалпы деңгейі төмендеп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік біршама тұрақталған.
Департаменттің қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы, әділет кеңесшісі Мирас Нұрсұлтановтың сөзінше, облыста былтыр жалпы қылмыс саны 1,7%-ға төмендеп, 5199-дан 5113-ке дейін азайған.
Бұл көрсеткіш аймақтағы криминогендік жағдайдың тұрақтанғанын көрсетеді. Аса ауыр қылмыстар 106-дан 36-ға, жеңіл қылмыстар 666-дан 505-ке азайған. Дегенмен, орташа ауырлықтағы қылмыстар 3,2 пайызға артып отыр.
«Қылмыстардың көбі Қостанай қаласында жасалған. Яғни, барлық қылмыстардың 53,3% облыс орталығына тиесілі. Сондай-ақ Рудный қаласында 658 дерек анықталып отыр. Облыстық деңгейде қылмыс азайғанымен, Қостанай, Арқалық және Қамысты ауданында қылмыс саны артып отыр. Республика бойынша Қостанай облысы қылмыс деңгейі бойынша 8-орында тұр, Павлодар, Ақтөбе және басқа ірі облыстардан кейін. Жалпы Қазақстанда 2025 жылы 123 990 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,6%-ға аз», – деді Мирас Нұрсұлтанов.
Алаңдатарлығы есірткіге байланысты қылмыстардың 22%-ке өсуі. Интернет-алаяқтық дерегі де күрт артқан. Былтыр 1673 жағдай анықталған. Мұндай қылмыстардың көбі онлайн қарыз рәсімдеу және интернеттегі сату арқылы жасалады. Мысалы, Қостанай қаласының тұрғыны үшінші тұлғалардың жеке деректерін пайдаланып, онлайн-микроқарыз рәсімдеп, жеті адамды алдаған.
«Жағымды өзгерістер де бар. Мысалы, кісі өлтіру саны 8,3%-ға, ұрлық 25,1%-ға, тонау 14,3%-ға, бопсалау 42,9%-ға азайып отыр. Қоғамдық орындардағы, көшелердегі қылмыстар, бұрын қылмыс жасаған адамдардың, кәмелетке толмағандардың және мас күйде жасалған қылмыстар саны кеміген. Жалпы облыстағы жағдай тұрақты, жеңіл және аса ауыр қылмыстар азайған, ауыр қылмыстар өзгеріссіз», – деді әділет кеңесшісі.
Жалпы алғанда, облыстағы қылмыстық жағдай тұрақты деп бағаланады. Дегенмен қазіргі уақытта интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алуға ерекше көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді.
Айта кету керек, еліміздің әрбір азаматы құқықтық статистикамен өз бетінше таныса алады. Ол үшін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің «qamqor.gov.kz» интернет-порталы жұмыс істейді. Порталда өңірлер бойынша тіркелген қылмыстар, олардың түрлері мен динамикасы туралы өзекті ақпарат ашық түрде ұсынылған.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған – ӨКҚ алаңы
