Бүгін Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай бастау алды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Екі күнге жалғасатын келелі жиынның алғашқы күнінде төрт панельдік секция бойынша отырыстар өтеді.
Әлеуметтік-мәдени даму секциясын Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Білім-ғылым секциясын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тізгіндеді.
Күннің екінші жартысында азаматтық қоғам және экономикалық даму жайы қамтылмақ. Құрылтайда ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелер талқыға түседі. Сондай-ақ, Ұлттық құрылтай мүшелері осы күні облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралайды.
Айта кетейік, ертең өтетін негізгі отырысқа Мемлекет басшысы, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың, сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңестерінің өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Ал бүгін 4 жұмыс секциясының отырысы өтеді:
– «Азаматтық қоғам»;
– «Экономикалық даму»;
– «Әлеуметтік-мәдени даму»;
– «Білім және ғылым».
Естеріңізге салайық, 2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда ұлттық құрылтайдың IV отырысы өткен еді.
