Жаңа жылдан бастап елімізде салық салу жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл жаңашылдықтар ең алдымен азаматтардың табысына салынатын жеке табыс салығын есептеу тәртібіне қатысты. Соның нәтижесінде қазақстандықтардың бір бөлігінің қолына алатын жалақысы бұрынғыға қарағанда артуы мүмкін.
Жаңа талаптарға сәйкес, салық салынбайтын табыс мөлшері ұлғайтылды. Базалық салықтық шегерімнің енгізілуі табысы төмен азаматтардың салық салынатын табысын азайтуға мүмкіндік береді, ал кейбір жағдайларда жеке табыс салығының төленбеуіне әкелуі мүмкін. Ал табысы жоғары азаматтар үшін жеке табыс салығының қолданыстағы мөлшерлемелері сақталады, сондай-ақ табыстың белгілі бір деңгейінен асқан жағдайда прогрессивті мөлшерлемелер қолдану көзделген.
Сонымен қатар, соңғы жылдары енгізілген өзгерістерге сәйкес, зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы ұсталмайды. Яғни зейнеткерлер өздерінің жинаған қаражатын толық көлемде алады. Бұл норма әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.
Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Төленді Керімбековтің айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұрын қолданылған стандартты салықтық шегерімдер (мысалы, 14 айлық есептік көрсеткіш және өзге де шегерімдер) қолданылмайды. Оның орнына жаңа базалық салықтық шегерім енгізіледі.
– Жаңа талаптарға сәйкес, базалық салықтық шегерім айына 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 2026 жылы бұл шамамен 129 750 теңге болады. Бір жыл ішінде 360 айлық есептік көрсеткішке дейін шегерім есептеледі. Бұл сома жеке табыс салығын есептеу кезінде азаматтың жалпы табысынан шегеріледі. Бұрын қолданылған 90 пайыздық түзету тәрізді жеңілдіктер жойылады. Ал әлеуметтік салықтық шегерімдер жаңа Салық кодексінде нақты бекітілген, – деді ол.
Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға арналған салықтық жеңілдіктер де нақтыланды. Атап айтқанда, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін жылына 5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салықтық шегерім көзделген. Ал III топтағы мүгедектерге, мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, сондай-ақ заңнамада айқындалған өзге де әлеуметтік санаттарға жылына 882 айлық есептік көрсеткіш көлемінде шегерім беріледі. Бұл шегерімдер жеке табыс салығын есептеу кезінде заңда белгіленген нақты мөлшерде қолданылады.
Әлеуметтік төлемдерге қатысты да бірқатар өзгерістер бар. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар және әлеуметтік сақтандыруға аударымдар бойынша төленген сомалар жеке табыс салығын есептеу кезінде шегерім ретінде ескеріледі. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұл төлемдер алдымен жалпы табыстан шегеріліп, содан кейін ғана жеке табыс салығы есептеледі.
Мамандардың айтуынша, жаңа нормаларды қолдану тәртібі мен реттілігі Салық кодексінде нақты айқындалған және қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан заңнама аясында жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер азаматтардың табысын қорғауға, әлеуметтік қолдауды күшейтуге және салық жүйесін барынша әділетті етуге бағытталған.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
