Құмар Ақсақалов: «Баламалы энергия өндіру жөнінен жетекші өңірлердің біріне айналамыз»

Құмар Ақсақалов: «Баламалы энергия өндіру жөнінен жетекші өңірлердің біріне айналамыз»

Индустриялық өсімді қамтамасыз ету үшін Қостанай облысы баламалы энергетика саласын қарқынды дамытып келеді. Облыс әкімі брифингте осы бағытқа да тоқтала өтті.

Өңірде 2 жел электр станциясы бар, сондай-ақ алты ірі жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде екеуі жуырда ғана пайдалануға берілді. Олар – Арқалық қаласындағы жел электр станциясы және Б.Майлин ауданы «Варварин» ЖШС аумағындағы күн электр станциясы.

«Бүгінде облыс 0,45 ГВт электр энергиясын тұтынғанымен, өзінің өндірісі 0,12 ГВт көлемінде ғана. Бұл өңірді сыртқы жеткізушілерге тәуелді етеді. Жобалар іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемі 10 есе артып, 1,2 ГВт-қа жетеді және облыстың қажеттілігін толық жабады. 2027 жылға қарай Қостанай облысы баламалы энергия өндіру бойынша елдің жетекші аймақтарының біріне айналып, өңірдің әрі қарай индустрияландырылуына берік негіз қалайды», – деді бұл жөнінде Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ Рудный қаласында, Қостанай, Федоров аудандарында да жел электр станциясы таяу келешекте пайда болады.