Елордада жиырма кітаптың тұсауы кесілді

Елордада жиырма кітаптың тұсауы кесілді

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында болады деп хабарланған жиынға астаналық қаламгерлер айтылған уақыттан ертерек келді. Бірақ арнайы келе жатқан қонақтың ұшағы кешігуіне байланысты жиынның басталуын екі сағат күтсе де, тарап кетпеді. Себебі бұл жиын бұрынғыдан өзгерек – Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысына арналған еді.

Басты жиынның елордада өткізілуі баршаны бастапқыда таңқалдырды, сосын қуантты, ақыр аяғында «жақсы бастама», «жақсылықтың нышаны» десті.

Классик жазушы Төлен Әбдік ағамыз да өз сөзінде бұл пікірлерді қолдайтынын айтты.

Сосын Одақтың жаңашыл бастамаларына тоқтала келіп, Жазушылар одағының Астанадағы филиалына айрықша мәртебе беру, оған жеке ғимарат салу қажеттігін тілге тиек етті.

Жиынның және бір қуанарлығы – ұзынсонар баяндама болған жоқ. Ұшқыр заманның талабына сай дайындалған 8 минуттық бейнероликте Қазақстан Жазушылар одағының 2025 жылы атқарған жұмысы туралы нақпа-нақ ақпарат берілді.

Жиын тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қаламгерлерді отандық әдебиеттің даму бағыттары мен алдағы жоспарларымен таныстырды.

Әдеби жылдың қомақты нәтижелерінің қатарында аталған «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы бойынша 4 жаңа кітаптың 3 авторы: әзірбайжан жазушысы Анар Расулоғлы Рзаев, қырғыз жазушысы, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Сұлтан Акимұлы Раев және өзбекстандық жазушы бейнебайланыс арқылы сәлем жолдады.

blank

Ал, жиынға өзі айтқандай «24 сағат жүріп жеткен» қырғыз жазушысы Арслан Койчиев алғысын білдіре отырып, қазақстандық қаламгерлерді келер жылы өтетін «Ыстық көл халықаралық форумына» шақырды.

Бұдан кейін «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шыққан Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтің кітаптарының, өрімдей жас қаламгерлердің «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жарық көрген 20 жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиынға қатысушылар үшін бүгінгі жиынның тағы бір жақсы жаңалығы Мереке Құлкеновтің қазақ жазушыларын Нобель сыйлығына апаратын саты – Букер сыйлығына ұсыну керектігін айтуы болды.

Айтып қана қоймай, ол бойынша жұмыстарды қолға алу, атқарылатын нақты жұмыстар туралы ойларын ортаға салу – оның алысқа көз тігетін басшы екендігін танытқандай.

blank

Қаламгерлердің жиыннан кейін тарап кетпей, фойеде топ-топ болып болып сөйлесіп тұруы маған – соны жаңалық олардың көңіл-күйлерін көтеріп, әдебиетіміздің болашағына байланысты жарқын жоспарларын құрып жатқандай көрінді.

Камал Әлпейісова,

жазушы