«Дін және қоғам»: үздіктер анықталды

«Дін және қоғам»: үздіктер анықталды

QOSTANAI телеарнасының продюсері Дәуренбек Әбдібек Қазақстан «Қостанай таңы» газеті редакциясының бастамасымен ұйымдастырылған облыстық «Дін және қоғам» журналистер байқауының БАС ЖҮЛДЕ иегері атанды. Журналист «Дін мен дәстүр – үндестік пен қайшылық» атты мазмұнды, сараптамалық хабарымен дін мен қоғам арасындағы байланысты кәсіби деңгейде аша білген.

«Қостанай таңы» газетінің орны ерекше. Қазір әлеуметтік желі шыққалы ақпарат тарату жеңілдеді. Бір сөзбен айтқанда, ақпарат деген бір ұйтқыған жел болып кетті. Бірақ осы «Қостанай таңы» тәрізді ресми ақпарат құралдары сол ұйтқыған желдің бір діңгегі деп есептеймін. Өйткені ресми әрі сауатты, кәсіби тілшілер жазған ақпарат бізге керек. Осындай байқаулар адамды ынталандырып, қажетті бағыттарға жетелеп отырады. «Қостанай таңы» газетінің ұжымы осындай үлкен іс-шараны жылда ұйымдастырып келе жатыр. Негізі конкурстың өтуіне қолдау көрсеткен демеушілеріне, осы біздің Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қостанайдағы өкілдігіне алғысымыз шексіз. Еңбегім бағаланып жатқанына аса қуаныштымын», – деп ағынан жарылды жеңімпаз.

Осылайша, Дәуренбек Әбдібек «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясы тағайындаған 300 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы бастама аясында қоғамды толғандырған рухани мәселелерді кәсіби тұрғыда, терең әрі жауапкершілікпен көтеріп жүрген қазақ тілді журналистердің еңбегін бағалау – бүгінгі басқосудың басты мақсаты болғаны сөзсіз.

blank

«Бұл байқау бірінші жыл өткізіліп отырған жоқ, 2023 жылдан бастап, редакция ішінде өткізілсе, былтырдан бері облыстық мәртебе алды. Мақсатымыз – өңірдегі қазақ тілді әріптестерімізді ынталандыру, олардың кәсіби білігін арттыру, діни-рухани құндылықтарға қоғам назарын аударту», – деп атап өтті газеттің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы.

Бірінші өткен байқауға «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді Еренғайыпұлы қолдау білдіріп, Ұмра қажылыққа сертификат табыс еткен болатын.

«Биыл да Амангелді ағамыз осы көлемде 300 мың теңге жүлде тігіп отыр. Оның сыртында газетіміздің жанашыры ретінде жыл сайын қоғам қайраткері, жазушы-журналист Еренғайып Әбдіхалықов атындағы сыйлық тағайындап, редакция журналистерін ынталандырып келеді. Жасаған қайырлы ісі өзіне мың еселеніп оралсын дейміз. Былтырдан бері бас имам Бектұрсын қажы Уәлиев бастаған облысымыздағы дін қайраткерлері де байқауымызға демеуші болып келеді. Бас мешіттің бізге деген пейіл-ықыласы ерекше екенін сезініп келеміз. Сол үшін мың рахмет айтамыз», – деді директор-бас редактор.

blank

Биылғы байқауға облыс бойынша 13 үміткер қатысып, дін мен дәстүр, отбасы құндылығы, конфессияаралық татулық, діни экстремизмнің алдын алу сынды маңызды тақырыптарды кеңінен қамтыды.

blank

«Әке аманаты – ұрпаққа өсиет» атты мазмұнды мақаласы арқылы отбасы құндылығы мен ұрпақ сабақтастығын терең ашқан «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Сералы Мырзабай арнайы жүлдені иеленді. Сералыға 50 мың теңгеның сертификаты табыс етілді.

«Діни экстремизм мен терроризм – жалпыға ортақ өткір мәселе» тақырыбындағы очеркімен қоғамды алаңдатқан өзекті мәселені кәсіби деңгейде көтере білген «КН» радиосының редакторы Оразғали Нұрғалиев байқаудың ІІІ орын жүлдегері атанды. Оразғали 50 мың теңге сертификатқа ие болды. Байқаудың екінші орны қаламы қарымды баспасөз өкіліне бұйырды.

blank

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» атты мақаласымен діни тақырыпты талдаудағы тереңдігі мен жаңашыл көзқарасы үшін «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Шұға Қоңқабай ІІ орынға лайық деп танылды. Шұға ханымға 100 мың теңгенің сертификаты берілді.

Байқаудың бірінші орны – телевизиялық журналистикадағы үздік еңбектің нәтижесі іспеттес көрініс тапты.

blank

«Көрісу күні – амал мерекесі» атты хабарымен ұлттық дәстүр мен діни сабақтастықты көрерменге көркем түрде ұсына білген ASTANA телеарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Заңғар Санай байқаудың І орын иегері атанды. Заңғарға 150 мың теңгенің сертификаты берілді.

Комиссия төрағасы –  белгілі журналист Нәзира Жәрімбет. Қазылардың белді мүшелері Діни істер басқармасының бөлім басшысы Сапарғали Әбдиев пен облыстық мешіттің бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев түскен материалдарды діни тұрғыдан саралады. «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабай, Қоғамдық келісім мекемесінің бас сарапшысы Айбек Таңатбаев стильдік жағынан әділ шешім қабылдады. Бірлескен құрам осы бағытта жеңімпаз, жүлдегерлерді анықтады.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев