Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов газетіміздің тілшісіне «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру туралы баяндап берді.
– Арман Тарғынұлы, 2023 жылдан бастап облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылуда. Оны іске асыру кезінде қандай жұмыс жүргізілді және оның нәтижелері қандай?
– 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 1,6 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражат 279 кәсіпкердің (қарыз алушылардың) жобаларына, оның ішінде 237 жаңа және 42 жұмыс істеп тұрған жобаларға шағын несие беруге жұмсалды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 291 жаңа жұмыс орны ашылды.
Бұдан басқа, 2023 жылғы қарыз алушылардың қайтарымды қаражаты есебінен 2024 жылы бір ауыл шаруашылығы кооперативін қоса алғанда, жалпы сомасы 84 млн теңгеге қосымша 10 жоба қаржыландырылды.
Бағдарламаға қатысу үшін ұсынылған барлық жобалар әрбір ауылдық округ бөлінісінде шағын несиелендірудің басым бағыттарына сәйкестікке іріктеуден өтті. Осы мақсатта 2023-2024 жылдары облыстың барлық ауылдық округтерінде скрининг жүргізілді, оның шеңберінде әрбір елді мекеннің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлеріне қажеттіліктері, сондай-ақ олардың ағымдағы мамандануы айқындалды.
– Бағдарламаның мақсатты аудиториясына кім кіреді, оның шарттары қандай?
– «Ауыл аманаты» бағдарламасына ауылдық елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар, оның ішінде жұмыссыз азаматтар, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Сондай-ақ бағдарламаға ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелері де қатыса алады.
Бағдарлама, ең алдымен, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік қызметке тарту есебінен олардың табысы мен әл-ауқатының деңгейін арттыруға бағытталған. Осыған байланысты, өтініш берушіні жеке кәсіпкер ретінде тіркеу міндетті шарт болып саналады.
Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын ауыл тұрғындары үшін ең қолайлы бағдарламалардың бірі. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш (9,8 млн теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жобалары үшін, сондай-ақ өнімді қайта өңдеу бойынша – 8 мың айлық есептік көрсеткіш (31,5 млн теңге). Бағдарламадағы сыйақының проценттік мөлшерлемесі – 2,5%, бұл республика бойынша ең төмен. Ауыл шаруашылығымен байланысты емес жобаларды несиелеу мерзімі – 5 жылға дейін, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу саласындағы жобаларды несиелеу мерзімі – 7 жылға дейін. Сондай-ақ, қарыз алушыларға несие төлемдерін өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдікті кезең беріледі.
– Осы бағдарламасы бойынша қандай қызмет бағыттары қаржыландырылады?
– Бағдарлама шеңберінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобалар, сондай-ақ ауыл шаруашылығына жатпайтын емес қызмет түрлері бойынша жобалар қаржыландырылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперациясы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларға басымдық беріледі.
– 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға қанша қаражат бөлінді және қанша қатысушы өз жобаларын қаржыландырды?
– Бағдарламаны іске асыруға ағымдағы жылы 1,5 млрд теңге бөлінді, олар үш траншпен — тамыз, қазан және желтоқсан айларында түсті. Бүгінгі таңда 268,1 млн теңгеге 12 жоба қаржыландырылды. Алдағы уақытта тағы 7 жобаны 86,5 млн. теңге сомаға қаржыландыру жоспарлануда. Қаржыландырылған 12 жобаның 11-і ауылшаруашылық кооперативтері. Қаржыландыруға мақұлданған 7 жобаның 3-і – кооперативтер. Яғни, қазіргі уақытта біз ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға баса назар аударып отырмыз, бұл ауыл тұрғындарының көп санын қамтуға, сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

– Осы жылы жүзеге асырылып жатқан ең қызықты жобаларды атап өтуге болады?
– Мәселен, биыл бағдарлама бойынша 30,2 млн теңгеге «Жаңа Жітіқара» ауыл шаруашылығы кооперативі маңызды жобасы қаржыландырылды. Ол дайын өнімді макарон өнімдерін шығарумен айналысады. Бұл кооператив қазірдің өзінде 12 тұрақты жұмыс орнын ашты, оның өзіндік ресурстық базасы — астық алқаптары мен диірмені бар.
Сондай-ақ, тағы бір жоба – «Федоров-Сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қаржыландыруға мақұлданды, оның бағыты – сүт өңдеу және сары май өндіру. Қазіргі таңда оның қызметі – Федоров ауданының тұрғындарынан сүт сатып алу және оны қайта өңдеу кәсіпорындарына тапсыру. Бағдарламаға қатысу осы кооперативке сүт шикізатынан дайын өнім шығаруға және айтарлықтай табыс алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары да пайда болады. Болашақта мұндай жобалар бұдан да көп болады!
Бұған қоса, ауыл халқы өзінің кәсіпкерлік бастамаларын белсенді түрде жүзеге асырса екен деймін, өйткені мықты ауыл – табысты мемлекеттің негізі.
Сұхбат бергеніңізге рахмет!
