Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Амангелді ауданының халқымен кездесті. Тасты ауылындағы жүздесуде аудан әкімі Талғат Карбозов елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндама жасады.
Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Облыстың оңтүстік өңірлері үшін арнайы бағдарлама құрылып, іске асырылып жатыр. Амангелді ауданына ауыз суға 715,1 млн теңге бөлінді. Бұған дәлел, биыл Қарасу ауылдық округінде ауыз су құбырын тарту жұмысы басталды. Бұл жоба 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдараламасы аясында қолға алынды. Жобаны Амангелді ауданы әкімдігінің Сәулет, құрылыс және қала құрылыс мекемесінің тапсырысымен «Қаз ЕвроСтрой»» ЖШС-нің компаниясы жүргізуде. Жоба құны – 674 млн 593 мың теңге. Бұл қаражат облыстық бюджеттен және ұлттық қордан бөлінді. Су құбырын тарту мерзімі 2023 жылдың 31 тамыз айында аяқталып, мыңға жуық тұрғын ауыз сумен қамтылмақ. Жолдарға 745,9 млн теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,4%-ға артық. Ал жарықтандыруға 20,7 млн теңге бөлініп, игерлу үстінде. Бүгінде Тасты, Ақсай ауылдарының кіреберіс жолдары асфальтталып, ауылдардың ішкі жолдары жаңадан төселініп жатыр. Облыс әкімдігі мен «Даму» Қоры бастамашылық еткен арнайы бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерде өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы үшін жылдық 1%-дан 100 млн теңгеге дейін кредиттер беріледі. Бағдарлама ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға бағытталған. Амангелді ауданында «Ауыл Аманаты» бағдарламасына қатысуға 100 ден астам өтінім берілген. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлердің көп болуы халықтың өмірін жақсартуға ықпал етеді. Мәселен, «Табыс» ЖШС басшысы Бірнар Саматов ауыл шаруашылығына озық технологиялар мен тыңайтқыштарды пайдалана отырып, әр гектардан 20 центнер өнім алуды көздейді. Ол ауыл халқын көмірмен және шөппен қамтамасыз ету арқылы өз ауылын қолдайды, әлеуметтік серіктес негізінде ауылға спорт алаңдарын салу арқылы ауылды абаттандыруға септігін тигізуде. Ауыл азаматтарына бірнеше жаңа жұмыс орындарын ашуда.Мұндай кәсіпкерлер өз ауылдарының нағыз жанашыры және патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетуде деуге толық негіз бар.
Кездесу барысында облыс әкімне Аманкелді селосының тұрғыны Сәкен Нұрғожин өзінің сұрағын қойды.
«Мен Амангелді ауылындағы Ақан Нұрманов көшесінің тұрғынымын. Біздің көшеде кеңестік кезеңнен бері көшеде асфальт төселмеген. Бұл біздің көше тұрығндарының басты мәселесі. Сіздің атыңызға бұған дейін жалпы тұрғындар атынан хат жолдаған болатынбыз, әзірге нәтиже жоқ», – деді.Бұл сауалға Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозов:
«Бұл А.Нұрманов көшесіне асфальт төселеді. Біз бұған дейін жобалық құжаттарын әзірлеп, сараптама жасатып, мемлекеттік тапсырыс порталына салған болатынбыз. Медігер анықталмай жатыр. Жыл соңына дейін асфальт төселеді», деп жауап берді.
Аймақ басшысы аудан әкіміне аталған мәселелерді ерекше бақылауға алып, оларды шешу және өңірді одан әрі дамыту жөнінде нақты шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар жүктеді.
Кездесу соңында облыс әкімі Амангелді ауданындағы жеке шаруа қожалық иегерлерімен кездесу өткізді.
Айбек Таңатбаев
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев