Торғайда «Алтын домбыра — 2025» иегері Айбек Қалиевке құрмет көрсетілді

Торғайда «Алтын домбыра — 2025» иегері Айбек Қалиевке құрмет көрсетілді

Қарт Торғай, киелі Торғай алқалы топта атын шығарып, абыройын асқақтатқан ақын ұлы, «Алтын Домбыра – 2025» иегері Айбек Қалиевті ұлықтап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде   кездесу кеші ұйымдастырылды. Кешті Айбек ақынның шәкірті, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ғалым Батырлан Сағынтаев жүргізді.

blank Алдымен Торғайдың кіреберіс қақпасында қарсы алу рәсімі көрініс тапты. Тұлпар мініп, ту ұстаған жігіттер, елдің ақсақалдары, ақжаулықты аналары, қыз — келіншектері тайлы-таяғымен күтті.

blankҚыстың қытымыр аязына қарамастан киіз үй тігіліп, ошақта от маздады. Айтыс ақтаңгерін күтушілердің ішінде көптің назарын аударған керемет көрініс жасы сексеннен асқан қарияның ат үстінде қаққан қазықтай тапжылмай отыруы. Бұл да болса еліміздің дархандығын, мәрттігін көрсетсе керек.

blank

Ақсақал қырық жыл аудандық автобазада көлік жүргізген. Бес бала тәрбиелеп өсірген. Құдай берген немерелері бар.

blank

Чапай Батыров,

ардагер, Жангелдин ауданының тұрғыны:

blank

«Жасым 85-ке қарады. Сонда да аттан түсіп көргенім жоқ. Ат ұстап, тазы жүгіртемін. Атқа мінген денсаулыққа өте пайдалы. Елдің атын шығарған Айбек баламды көрейін деп арнайы келіп тұрмын.

Ел тағатсыздана күткен сәт те келіп жетті. Шашу шашылып, бата берілді.

blank

«Айбек балам, жеңісің құтты болсын!
Өнерің өрге жүзсін, жолың болсын!
Алаштың айтыс ақтаңгері атанған сендей ұлды Торғай елі биік ұстайды!
Жұлдызың жанған күндерің көп болсын!» , – деп ақсақал батасын берді.

Ер-тұрманы әшекейленген, алтын түсті өрнекпен «Ақтаңгер ақын, Алтын домбыра – 2025» деген жазу жазылған арғымақ ақынның алдына тартылды.

blank

«Бұл – Торғай елінің құрметі. Өнердің тұлпары болсын!», – деп бетін сипады бата берген ақсақал.  

Мәдениет үйі алдында да жерлестері жыр жампозын ән-күймен күтіп алды. Фойеде арнайы безендірілген үлкен көрме ұсынылды.

 

blank blank blank  blank blank Көрмені ұйымдастырушы: «Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені» мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі.

Көрме мазмұнында:ақын Айбек Қалиевтің айтыстағы жолы, фотосуреттері, марапаттары

blank

«Ақтаңгер» атанған кезеңдерінен деректер, «Алтын Домбыра – 2025» жеңісіне арналған бұрыш, ұстазы Қонысбай Әбілдің шығармашылығына арналған арнайы стенд және Торғай ақындық мектебінің шежіресі айшықталған.

blank

Фойеде Б.Хамзин атындағы аудандық өнер мектебінің «Дала сазы» ансамблі күй шалқытты. Қонақтар экспозициямен танысып, фото-суретке түсті.

blank

Сахна шымылдығы сазды әуенмен түріліп, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған халық театрының күшімен сахналандырылған көрініс көрсетілді.

blank blank  blank blank

Торғай өңірі үшін мәртебелі қуаныш, Астанада өткен республикалық «АЛТЫН ДОМБЫРА – 2025» айтысында топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап, алтын домбыра иегері атанған жерлесіміз — Алаштың арда ұлы, айтыс әлемінің ақтаңгер ақыны Айбек Қалиевті жиналған қауым ду қол шапалақпен қарсы алды.

blank

Кештің шырайын кіргізген ерекше сәттің бірі болып лэд-экран арқылы көрсетілген филология ғылымдарының кандидаты, республикалық айтыстардың жеңімпазы, республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері, көптеген публицистикалық мақалалардың авторы, бірнеше әдеби-ғылыми жинақтардың құрастырушысы Серікзат Дүйсенғазиннің Айбек Қалиевке арнаған құттықтауы көрсетілді.

blank

«Алтын домбыра Айбекке керек емес, Алтын домбыраға Айбек керек», – деді Серікзат Дүйсенғазин.

Сахнаға – жүрек тербейтін лирикалық әндерімен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген жас әнші Алтынбек Әшім «Арман сезім» әнін шырқады. Әннің сөзі мен музыкасының авторы – кештің құрметті қонағы, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев.

blank

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Абылай Мауданов, танымал ақын Ернұр Әуезхан бастаған жас ақындар арнау жырларын оқыды.

Еске сала кетсек, биыл өнер ордасы Торғай топырағында «Торғай – Тұлғалар мекені» атты поэзия фестивалі өткен болатын. Бұл фестиваль – туған жердің талантты перзенттерін дәріптейтін, Алаш рухын ұлықтайтын ерекше әдеби басқосу болды. Сол поэзия кешінің басты кейіпкерлері – өнер өлкесінде өзіндік өрнегі бар жергілікті ақын — жазушылар еді.

Осы өнер кешінде елден шығып жатқан кейінгі жас дарындар алдыңғы майталман аға буын өкілдеріне бөлініп берілген. Бұл күнде айтыс ақтаңгері Айбек Қалиевтің өнегесін алар жас ақын Ниязбек Таңжарық Алматы қаласында өтетін айтысқа аттаныпты.

blank  blank blank

Айшықты ақынмен кездесу барысында Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің мұғалімі Самұрат Ерік пен оның өнерлі шәкіртінің салған шығармасы, айтыс тұлғасының бейнесін сомдаған ерекше туынды тарту етілді.

blank

Айтыс — қазақ руханиятының айнасы. Айтысқа есте қаларлық өрнегін қалдырған жерлестерінің жеңісі – ауданның асқақ мерейі. Салтанатты шақта Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев ақиық ақынға жылы лебізін білдіріп, сый-кәделерін табыстады.

blank blankКештің қорытынды сәтін рух пен жігерді оятатын әуезді «Қазақстан» атты ән көркемдеді. Әннің әуені — Торғайдың талантты жас композиторы Бағдат Оспановтың шабытынан туған. Бағдат — бүгінгі қазақ музыкасының тың тынысын қалыптастырып жүрген, ұлттық үнді заманауи өрнекпен шебер үйлестіретін ерекше болмысты композитор. Ал, әннің сөзін жазған — айтыс өнерінің абыройын асырған ақтаңгер ақын Айбек Қалиев.

Қаумалаған көпшілік ақыннан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

Жанар Асанханқызы,

Жангелдин аудандық мәдениет бөлімінің басшысы:

blank

«Айтыс мұрасы – елдің рухани қазынасы» атты қазақтың айтыс ақтаңгері, Алтын домбыра иегері, ғалым, ұстаз Айбек Киікбайұлымен кездесу кешін ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қазақтың асыл мұрасы айтыс өнерін кейінгі ұрпаққа дәріптеу, жастардың отансүйгіштік сезімін ояту болып табылады. Айтыс өнері қазақтың жаны екені баршаға белгілі. Айтыс өнерін дәріптеудегі мақсат – қазақты жалпы кейінгі буын ұлтқа, тілге деген жанашырлығын нығайту деп білеміз»

Венера Батырова,

Жангелдин аудандық кітапхананың кітапханашысы:

blank

«Ақынның шығармашылық қырымен қатар, ұлттық қолөнерге деген хоббиі бар. Сол себепті, көрмеде 17 түрлі жинақтаған қамшысын көруге болады. Сондай – ақ, қамшы салған дорбасы, ақынның белбеуі, әмияны, айтысқа киген шапаны, төсбелгісі қойылған. Ақынның кітаптарының көрмесі, фотосуреттері де кеңінен қамтылған.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

                                                                                                      Жангелдин ауданы