Арқалықта жылына 300 тонна құс етін өндіретін жоба қолға алынбақ. Алайда, оның тезірек жүзеге асуына қаржының тапшылығы қолбайлау болып тұр.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы жұмыс сапарымен Арқалық қаласына барды. Сапар барысында аймақ басшысы ең алдымен қалада ұлттық жоба бойынша салынғалы жатқан мектептің жұмыс барысымен танысты. 300 орынға шақталған білім ошағының құрылысы жөнінде мердігері «Алюминқұрылыс» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов баяндады. Қазіргі таңда салынатын мектептің жері тазартылып, әзірлік шаралары аяқталу шегінде. Енді бейнебақылау қондырғылары орнатылып, жұмыс әне-міне басталмақ. Нысан құрылысын ғаламтор жүйесі арқылы көріп отыруға болады. Құрылысқа тапсырыс беруші – «Camruk Kazyna Konstruction» АҚ. Жоба құны – 2,6 млрд теңге.
Келесі кезекте өңір басшысы қалада күрделі жөндеуден өтіп жатқан спорт ғимаратының жай-жапсарына қанықты. Бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, қаладан спорт мектеп-интернатын ашу да жоспарланған. Бұл мақсатқа жөнделіп жатқан спорт залдың жанында бос тұрған еңселі ғиамаратты жекенің иелігінен сатып алып, іске жаратуға болады. «Нәтижесінде біртұтас спорт кешені қалыптасады. Егер, осы жобалар жүзеге асатын болса, құрылыс нысандары орналасқан ықшам ауданның тұрғындарына да жақсы болар еді»,– дейді қала басшысы Әмірхан Асанов.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Торғай өңірінен талай спорт саңлақтары шыққанын айтып, ұсынысты қолдады.
Мұнан соң аймақ басшысы өзі кезінде білім алған Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектепке ат басын бұрып, түлектердің жақсы мамандық иесі болуына тілектестігін білдірді.
Арқалық жылу электр орталығында болғанында қалада биыл қолға алыныа жатқан су және жылу құбырларының жөндеу жұмыстарының барысына көңіл бөлді. Орталықтың сумен жабдықтау жүйесіне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 582,9 млн теңге. Жұмыстың белгіленген аяқталу мерзімі – 2023 жылдың 1 желтоқсаны.
«Torgai invest group» ЖШС-нің «Конвейер роликтері шаруашылығы» жобасы да өміршең жобалардың қатарында. Жоба құны – 159 млн теңге. Қазіргі таңда қажетті қондырғылар сатып алынған. Меншік иесі Сәбит Әбдіқадырұлының мәлімдеуінше, жоба таяуда іске қосылып, 30 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, серіктестік басшысы орайы келгенде облыс әкімінің назарына қаладан жылына 300 тонна құс етін өндіретін жобасын да ұсынды. Бірақ, оның тезірек іске асуына қаржы жетпей тұр. Әкім жобаны қолдайтынын айтты.
Облыстың оңтүстік өңірлері, яғни Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандары үшін 1%-пен берілетін несие жобасы қарастырылып жатыр. Кәсіпкерлермен жүздесу кезінде ол да тілге тиек етілді.
«Арқалықтың дамуын жеделдетеміз. Қаланың өркендеуін Президент өзі қадағалап отыр. Қандай да бір халықтың игілігіне жарайтын болашағы бар жобаларды қолдауға әзірміз. «Арқалық – Жезқазған» көтерме жолының құрылысын да көп ұзатпай қолға аламыз. Арқалық жақсы, гүлденген қала болады», – деді Құмар Ақсақалов.
Ел көптен асыға күткен «Арқалық – Жарқайың» тас жолы да жөнделіп жатыр. Облыс әкімі осы жолдың жай-күйіне де назар аударды. Ол біздің де тілшілердің қаперінде болады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев
Арқалық қаласы.