Қостанайда белсенді жастар бас қосты

Қостанайда белсенді жастар бас қосты

Қостанайда алғаш рет Студенттер Ассамблеяларының республикалық форумы екі күндік жұмысын бастады. Ресми түрде Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде ашылуы өтті.

Еліміздің белсенді жастарының басын қосатын форум аясында этносаралық келісім мен бірлікті нығайту, студенттік бастамаларды дамыту және Қазақстан халқы Ассамблеясының құндылықтарын білім беру жүйесінде ілгерілету мәселесі қаралатын болады.

blank

Форумға қатысуға алпысқа жуық студент келген. Іс-шараны ұйымдастырушылар жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Олардың сөзінше, бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман, қоғам көшбасшысы, ел ертеңін қалыптастыратын тұлға. Сондықтан Студенттер Ассамблеялары жастарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды алаңға айналуы тиіс.

blank

«Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Ассамблея жастарының бірінші республикалық форумы өтуде. Бұл игі іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген студенттер бас қосып, алғашқы өздерінің жұмысын бастайтын болады. Екі күн бойы тәжірибе алмасып, республикадан келген білікті мамандардың дәрістеріне қатысады. Сондай-ақ, қалаға экскурсия жүргізіп, М.Дулатұлының 140 жылдығына әзірленген қойылымды тамашалайды», – дейді Қостанайдағы «Қоғамдық келісім» үйінің бас сарапшысы Айбек Таңатпаев.

blank

Форум бағдарламасы тек ресми сөздермен ғана шектелмей, тәжірибелік жұмыстарға бағытталған. Іс-шараның негізгі секциялары мен пленарлық отырысын «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, Студенттік Ассамблеялардың төрағасы Александр Николаевич Урмашов жүргізеді. Ол «Ішкі көшбасшылық» тақырыбы бойынша шеберлік сағатын өткізеді.

blank blank

Яғни, жастарға өз әлеуетін толық ашуға, өзін-өзі дамытуға және ұйымдастырушылық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған практикалық сабақтар өткізеді.

blank

«Республиканың әр түкпірінен жиналып отырған ең алғыр, ең ынталы, ең жігерлі жастар – дәл өздеріңіз. Сіздерді Қостанай жерінде алғаш рет өтіп отырған Студенттік ассамблеялардың I республикалық форумына ғылым және жоғары білім министрлігі атынан шын жүректен құттықтаймын. Бұл форум – елімізде тұңғыш ұйымдастырылып отырған тарихи іс-шара. Қостанайда өтіп отырған форум еліміздің студент жастары үшін, біз үшін де аса маңызды. Өйткені, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастар – мемлекеттің ертеңі, елдің болашағы. Ел игілігі үшін білімді, бәсекеге қабілетті, ойы өткір, саналы ұрпақ қалыптастыру – бәріміздің міндетіміз. Осы форумға проректорлар, жоғары оқу орындарының өкілдері де арнайы келіп отыр. Бұл – студенттік бастамаларға жоғары деңгейдегі қолдаудың бар екенін көрсетеді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Басқосу Қостанай жастары үшін де ерекше маңызға ие. Өйткені олар республикалық деңгейдегі үздік мамандардың дәрісін тыңдап, әр жақтан келген белсенді студенттермен танысады. Ол болашақ жобалары үшін қажетті білім мен байланыстарды нығайтуға сеп.

blank

«Қостанай облысында Студенттік ассамблеялардың алғашқы республикалық форумын өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл тарихқа жазылатын сәт және оның басты кейіпкерлері – дәл сіздер. Әрқайсыңыз өз колледждеріңіз бен жоғары оқу орындарыңызда осы жұмыстың негізін қалайсыздар. Қандай бағыт қалыптастырсаңыздар, болашақта сіздерден кейінгі жастар сол жолды жалғастырады. Мен өзім студент болған кезде факультетіміздің кәсіподағын басқардым. Бізге сол ұйымның қалай құрылғаны, оның алғашқы көшбасшылары туралы жиі айтылатын. Солардың бірі – Даурен Абаев. Ол кейін Президент Әкімшілігінде қызмет етті, министр болды. Бір қадамнан басталған бастама адамды үлкен жетістіктерге жеткізетінін ұқтық. Жастар саясатының мәні де осында – өзіңді шыңдау, өмірлік тәжірибе жинақтау, өз орнын табуға мүмкіндік беру. Біздің мемлекетімізде көптеген жылдар бойы түрлі этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Түрлі ұлттың, түрлі мәдениеттің өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ Отан үшін еңбек етіп жатыр. Бұл – Қазақстанның ең үлкен құндылығы, біздің бірегей ерекшелігіміз. Бір-бірімізге иық тіреп, татулық пен түсіністікпен өмір сүре отырып, осы мемлекетті бірге дамытып, көркейтетінімізді ешқашан ұмытпауымыз керек», – деді Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез.

Сералы МЫРЗАБАЙ,

Сандуғаш БЕКМҰРАТ

ҚӨУ студенті