Қарасуда рекордтық көлемде астық жиналды

Қарасуда рекордтық көлемде астық жиналды

Бүгін Қарасу ауданында ауыл шаруашылық күні өтті дүркіреп. Салтанатты жиында ауданның диқандары мен шаруаларының еңбегі еленіп, Құрмет грамоталары табысталды. 

Қостанай облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Қарасу ауданының қосып жатқан үлесі қомақты.

Бұл өлкенің бірқатар еңбеккерлері министрлік және облыс әкімі тарапынан жоғары бағаланып жүр. Жуырда ғана Жамбыл ауылынан «Магнат» шаруа қожалығының басшысы Фёдор Талах «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі атанған еді.

blank

Ол өмірінің 29 жылын аталмыш салаға арнаған майталман маман. Фёдор Талах шаруашылықтың жер аумағын кеңейтумен қатар ауданның және ауылдың әлеуметтік саласына сүбелі үлес қосып, игі істер жасауда көшбастауда.

blank

Құрметті марапат «Макс» ЖШС механизаторы Жалғасбек Омаровқа табысталғаны көзі қарақты оқырманның есінде. 45 жылдық еңбек өтілі бар Жалғасбек Мұхашұлы «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Үздіктердің қатарында «Қорғау» ЖШС бас агрономы Бекмұрат Тілеубаевтың есімі аталғаны жадымызда. Мамандығына деген адалдығы және ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Бекмұрат Мырзахметұлы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Озат шаруалардың қатары бүгінгі салтанатты жиында тағы да толықты.

Мерекелік басқосуға Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі Әнуар Мұстафиров арнайы барып қатысты. Қарасулық аграрларды кәсіби мерекесімен құттықтап, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына елеулі үлес қосқан жандарға Қостанай облысы әкімінің грамотасын табыстады.

blank

Одан кейін Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов мінберге шығып, жерлестеріне жылы лебізін арнады.

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел ырысы мен берекесі, халықтың күнделікті несібесі сіздердің маңдай тер, табанды еңбектеріңіздің жемісі. Адал еңбектеріңіздің арқасында ауыл экономикасы өркендеп келеді»,

– деген Қайрат Темірханұлы қарасулық диқандар рекордты көрсеткішке қол жеткізгенін тілге тиек етті.

«Биыл Қазақстан аграрлары 27 млн тоннадан астам астық жинады. Бұл нәтижеге әр өңір қомақты үлес қосты. Біздің аудан да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 1 млн 200 мың тонна астық орды. Бұл біздің аграрлардың ақадал еңбегінің жемісі,– деді ол.

Соңғы он жылда Қарасуда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 есеге өскен. Ауданда мал шаруашылығына, ветеринария қызметін жаңғырту және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануға басымдық берілуде.

blank

Жеңілдетілген несиелендіру мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылық техникалары жаңарып, жергілікті фермерлерді қолдау ісі тоқтаусыз жүргізілуде.

«Біздің аудан – аграрлы аймақ. Жергілікті шаруалардың 90 %-тен астамы өсімдік шаруашылығымен айналысады. Былтыр 1 млн 115 мың тонна, биыл 1 млн 200 мың тонна астық жиналды. Рекордты көрсеткіш соңғы екі жылдан бері анық байқалуда. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Игерілмей жатқан жерлерді қайтаруды қолға алдық. Соңғы үш жылдың өзінде игерілмей жатқан 23 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтардық. Биылдың өзінде 3 мың гектардан астам жер қайтарылды», – деді Қайрат Темірханұлы.

Мерекелік іс-шара туралы толық ақпаратты газетімізден оқи аласыздар.

 Қымбат ДОСЖАНОВА