Бейімбет Майлин ауданының Әйет ауылы толықтай талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылды. Бұл – өңірдегі жылдамдығы жоғары интернетпен жабдықталып отырған алғашқы аудан орталығы. Бүгін осы елді мекенде ірі жобаның таныстырылымы өтті.
Аудан тұрғындары бұған дейін барлық өңірге тән мыс желісін пайдаланып келді. Ал оның жылдамдығы, мықтағанда, секундына 12 МБит еді. Енді GPON технологиясы бойынша тартылған оптикалық желінің қуаты секундына 500 МБит-ке жетеді. Айырмашылықты аңғарған шығарсыз! Мұндай тариф бұған дейін ірі шаһарларда ғана болғаны рас. Бұдан былай қала мен ауылдағы байланыс сапасы деңгейлесе түседі.

«Жоба шілдеде басталып, екі айда 1200 үйге дейін GPON технологиясы бойынша оптикалық желі тартылды. Нәтижесінде Әйет тұрғындарына заманауи телекоммуникация қызметтері қолжетімді болды. Ескірген мыс желіден талшықты-оптикалық байланыс желісіне тұтынушылар қайта қосылып жатыр. Мыс желісіндегі 993 абоненттің 800-і жаңа игілікке қол жеткізді. Тіпті бұрын-соңды ешқандай байланысты қолданып көрмеген 60 шақты абонент те бірден «оптикаға» қосылды», – дейді «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникация желілерін пайдалану және жаңарту қызметінің басшысы Михаил Полетаев.
GPON технологиясының басты артықшылығы – оптикалық желі абоненттің пәтеріне дейін енгізіледі. Қондырғы орнатып беру жұмыстары үшін абонент ақы төлемейді, ол АҚ-ның міндетінде. Бастысы, тұрақты интернет жылдамдығына кепілдік бар. Ал енді мұны тұтынушыларға оптикалық желі арқылы қандай қызметтер ұсынылады? Мамандар оны да тізбелеп айтып берді.
«Бұл арқылы цифрлық теледидарды, «ТВ+» платформасын, интернет және IP-телефонияны қолдануға мүмкіндік бар. Бірден бірнеше құрылғы қосылса да, деректерді тарату сапасы төмендемейді, жылдамдық тұрақты әрі жоғары болып сақталады. Қызметтер пакеті аясында SIM -карталарды іске қосуға болады, яғни отбасы мүшелері тариф үшін бірнеше есе қаржы үнемдей алады», – деп түсіндірді «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік өңірі бойынша B2C сегментінің коммерциялық директоры Алена Ляпунова.
Сондай-ақ, оның айтуынша, «Қазақтелеком» – ««ТВ+» платформасы арқылы «Дисней» өнімдеріне қолжетімділік ұсынып отырған жалғыз компания. Былтыр осы «Диснеймен» арада келісімшарт жасалған еді. Бұл соның жемісі. Ал мұнда қазір заманауи 57 фильм бар екен, оның 37-сі мемлекеттік тілде көрсетіліп жатыр.
Ең кереметі – бірнеше қызметті бір мезетте, қас қағымда алуға болатынында. Бұрын бейнеқоңырау соғу, әлдебір файл-құжатты жөнелту, интернет-платформаларға қосылу жүйкеге жүк түсіретіндей бейнет еді. Оны жергілікті тұрғындар да растап, бұрынғы мен бүгінгіні салыстыруға келмейтінін айтып отыр.
«Өзім мамандығыма сай видео-фото түріндегі салмақты материалдармен жұмыс істеймін. Бұған дейін бейнероликті тапсырыс берушіге жіберу үшін бір тәулік қажет болатын. Қазір бұл, көлеміне қарай, 10-15 минуттың шаруасына айналды. Сондай-ақ ұсынылған барлық қызмет пакетін пайдаланып отырмыз. Жылдам интернет, «назарымыздан тыс қала бастаған» телевидение, SIM-карталар және үй телефонын қостырдық. Армансыз қызығын көріп жатырмыз. Алғашқы төлемін әлі жасаған жоқпыз. Бірақ жобамен айына 12-15 мыңдай шығады. Бұл осыншалық игілік үшін қымбат емес», – дейді аудан тұрғыны, жергілікті журналист Александр Корякин.
Ол сөзіне дәлел болуы үшін меймандарына компьютері арқылы интернеттің жылдамдығын көрсетті. Теледидарын қосып, әртүрлі платформалардың қаншалықты жеделдікпен жұмыс істеп тұрғанынан назардар етті.


Ауыл тұрғындарын баяу байланыстан арылтып, жайбасар желіден «құтқару» жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Әйеттің әр көшесінде бірнеше бригада тынымсыз жұмыс істеп жүр. Әрқайсысы күніне үш-төрт үйге желі тартып үлгереді екен. Осы қарқынмен мұндағы шаруаның санаулы күнде тәмамдалатын түрі бар.

«Бұл да Президентіміздің тапсырмасы аясында іске асып жатқан жұмыстардың жемісі. 2023 жылы облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында үлкен меморандум жасалған еді. Сонда аудан орталықтарына оптикалық байланыс желілерін тарту міндеті анық көрсетілді. Мінекей, бұл облыстағы толықтай жоба аяқталған алғашқы аудан орталығы болып отыр. Қарабалықта да былтыр басталғанынан хабардармыз, қазір өзге аудандарда да қолға алынғалы жатыр. Демек, «Қазақтелеком» жоспарлы жұмысты нәтижелі іске асыру үстінде», – деп баға берді облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев.
Ал компания өкілдері келесі жылы облыстағы барлық аудан орталығы нақ осындай сапасы жоғары байланыспен толықтай қамтылатынын айтып отыр. Одан соң кезек тұрғыны қалың ауылдарға жетеді. Осылайша, 2027 жылдың соңына дейін өңірдегі 300-дей ауыл оптикалық байланыс желісінің және спутниктік интернеттің игілігін көреді. Бұл – келе-бара ауыл-қала арасындағы цифрлық теңсіздік түбегейлі жойылады деген сөз.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген – Махаббат Бекбаева
