Бүгін Амангелді ауданында Ауыл шаруашылық, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні кең көлемде аталып өтті.
«Ел ырысы – еңбекпен» атты мерекелік іс-шара ауыл еңбеккерлерінің бір жыл бойғы маңдай терімен келген жетістіктерін бағалауға арналды.
Облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Берікжан Қайыпбай арнайы қатысып, сала мамандарына жылы лебізін білдірді. Ол ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі екенін атап өтіп, еңбек адамдарының төзімі мен табандылығын жоғары бағалады.

– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Әсіресе, ветеринариялық қауіпсіздік – халықтың денсаулығы мен азық-түлік сапасының кепілі. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар мен сіздердің еңбектеріңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланады. Бүгінгі мереке – тек құрмет емес, сонымен бірге алдағы еңбекке серпін беретін күн. Баршаңызды шын жүректен кәсіби мерекемен құттықтаймын! – деді инспекция басшысы.

Мерекелік жиында Амангелді ауданының әкімі Қанат Уәшұлы Кеделбаев сөз сөйлеп, ауданның аграрлық саласында қызмет етіп жүрген азаматтарды төл мерекелерімен құттықтады.
Әкім өсімдік және мал шаруашылығы бағыттарында атқарылған жұмыстарға тоқталып, аудандағы агробизнес субъектілерінің өңір дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі. Бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтардың табанды еңбегі мен маңдай терінің арқасында ауданымызда тұрақты даму мен өсім бар. Барша еңбек адамдарын кәсіби мерекемен құттықтап, сәттілік пен молшылық тілеймін, – деп атап өтті әкім.
Іс-шара барысында жыл қорытындысы шығарылып, ауыл шаруашылығы саласының үздік мамандары мен еңбек озаттары түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Олардың қатарында механизаторлар, агрономдар, ветеринарлар мен мал шаруашылығы өкілдері бар.
Мерекелік көңіл-күйді аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы толықтырды.
Жиын барысында 2025 жылдың қорытындысы жарияланып, ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштер мен жетістіктер таныстырылды. Жер емген диқан, мал баққан шаруалар мен саланың тыныс-тіршілігіне үлес қосып жүрген қызметкерлердің еңбегі сараланып, үздік мамандар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Оларға аудан әкімінің алғыс хаттары, арнайы сыйлықтар мен құрмет белгілері табысталды.
Ақбаян Теміржанова
Амангелді ауданы
