Амангелді ауданы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған ерекше форматтағы кездесу өтті.
Бұл жолы «Парасат» дебат клубы мен Мобилография үйірмесінің жас мүшелері ауданның кәсіби мобилографтарымен жүздесіп, фото мен видеоны жаңа тұрғыда түсірудің қыр-сырына қанықты. Кездесу барысында мамандар жасөспірімдерге смартфонмен сапалы бейне түсіру, кадр құрау, жарықты дұрыс пайдалану, дыбыспен жұмыс істеу сынды маңызды әдістерді көрсетіп, практикалық кеңестерімен бөлісті. Теорияны тәжірибемен ұштастырған бөлімде оқушылар мамандармен бірлесе отырып шағын бейнеролик түсіріп, бір кадрдың артында жатқан мазмұн мен ойды ашып көрсетуге тырысты.
— Бүгінгі басқосу балаларға ерекше шабыт сыйлады. Мобилография – әдемі кадр ғана емес, ол — оқиғаны сезіну, өмірді бейнелеу мәдениеті. Жастардың бұл салаға қызығушылығы қуантады. Ал кәсіби мамандардың тәжірибесі олардың шығармашылық ізденісіне жаңа серпін беретіні сөзсіз, — дейді Мобилография үйірмесінің жетекшісі Қанат Төленов.
Дебат клубының мүшелері де фото мен видеоның қоғамдық пікір қалыптастырудағы ықпалын сөз етіп, визуалды ақпараттың адам санасына әсерін өз тәжірибелері арқылы дәлелдеді. «Бір кадр – мың сөз» қағидасын бұлар қоғамдағы адалдық, жауапкершілік, мәдениет құндылықтарымен сабақтастыра білді.
— Мамандардан көп нәрсе үйрендік. Әсіресе, жарықты дұрыс бағыттау, кадрды нақты қою, қысқа видеомен мағыналы оқиға жеткізу тәсілдері қатты қызықтырды. Әр кадрдың өз тілі, өз тарихы бар екенін түсіндім. Осы кездесуден кейін мобилографияға деген қызығушылығым арта түсті, — дейді мектеп оқушысы Ербол Даниярұлы.
Іс-шара соңында түсірілген бейнероликтер талданып, оқушылар өз ойларымен бөлісті. Жас мобилографтар тәжірибе ғана емес, жаңа көзқарас, жаңа шабыт алып қайтты. Бұл кездесу олардың кәсіби білігін жетілдіріп қана қоймай, азаматтық ұстаным мен дүниетаным қалыптастыруға да ықпал етті.
Ақбаян Теміржанова,
«Қостанай таңы» газетінің
Аманкелді ауданындағы тілшісі
