Еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосқан тұлғалар жетерлік. Әулиекөл ауданы бес Кеңес Одағының батырымен, сегіз Социалистік Еңбек Ерінің есімімен мақтана алатын қасиетті өңір. Сол даңқты тұлғалардың бірі – еңбегі ерен, өнегесі өшпес Қабидолла Қобыланұлы Тұрғынбаев. Биыл ардақты азаматтың туғанына 95 жыл толып отыр.

Қабидолла Қобыланұлы – өмірін ауыл шаруашылығына арнаған, абыройлы басшы, білікті ұйымдастырушы болуымен қатар, талай шәкірт тәрбиелеп, еңбектің қадірін ұғындырған көрнекті тұлға.

Оның тәжірибесі, талапшылдығы мен адамгершілігі – тұтас бір мектеп. Жуырда ардақты жанның жолын жалғап, оның еңбектегі өрелі ұстанымын жалғастырып келе жатқан ізбасарлары аяулы тұлғаны еске алды.

Аудан бойынша қазақша күрестен біріншілік ұйымдастырылды, мәдениет үйінің жанындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Осы бір мерейлі шақ ауыл шаруашылығы күнімен тұспа-тұс келді.

«Биыл Әулиекөл өңірінің ғана емес, бүкіл Қостанай облысының тарихында елеулі орын алатын айтулы тұлға – Социалистік Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Кабидолла Кобланұлы Тұрғынбаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Бұл мерейтой — тек бір адамның өмір жолына тағзым емес, тұтас дәуірдің еңбегін, ауыл шаруашылығын өркендетудегі ерлік пен табандылықты дәріптейтін тағылымды кезең», – деп атап өтті аудан әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлы.
Иә, Кабидолла Кобланұлының еңбек жолы мен өмірлік ұстанымы Әулиекөл жерінің даму тарихымен тығыз байланысты. Ол басшылық еткен жылдары өңіріміздің ауыл шаруашылығы тыңнан түрен салған кезеңді бастан өткеріп, жаңа шаруашылықтар мен елді мекендердің қалыптасуына ерекше үлес қосты. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен басқарушылық тәжірибесінің арқасында өңірдің ауыл шаруашылығы кешені ілгерілеп, сол кезеңде ауданымыздағы совхоздар мен колхоздар үлгілі еңбек ұжымдарына айналды.
«Тұрғынбаев басқарған ұжымдарда шаруашылық мәдениеті мен еңбек тәртібі ерекше деңгейге көтерілді. Егіс алқаптарын тиімді пайдалану, мал тұқымын асылдандыру, еңбек өнімділігін арттыру сияқты бағыттарда заманына сай жаңашыл тәсілдер енгізілді. Ол ауылды тек экономикалық тұрғыдан емес, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан дамытуға да баса көңіл бөлді. Сол жылдары салынған мектептер, мәдениет үйлері, ауруханалар мен тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары – соның айғағы. Бүгінгі күні сол дәстүр сабақтастығын жалғастырып отырған аграрлық буын өкілдері – ауданымыздағы шаруашылық жетекшілері, еңбек ардагерлері мен жас мамандар – бәрі де Тұрғынбаев сынды тұлғалардың өнегесінен нәр алып келеді», – деп сөзін сабақтаған аудан әкімі Кабидолла Кобланұлының өмір жолы – тек өткеннің тарихы емес, қазіргі дамуға бағдар беретін құндылықтар мектебі екенін айтты.
Ол ұстанған «жердің қадірін, еңбектің берекесін бағалау» қағидасы – бүгінгі ауыл еңбеккерлерінің өмірлік ұранына айналуға тиіс.

Тұрғынбаев мұрасы – бұл біздің ауданның рухани және кәсіби сабақтастығының символы. Оның еңбегі бүгінгі жастар үшін патриотизм мен табандылықтың, елге адал қызмет етудің шынайы үлгісі. Шәкіртері Нұралы Сәдуақасов пен Олег Даниленко тебірене еске алды.

Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылында:
«Еңбек адамы – ел дамуының тірегі. Әрбір маңдай тер мен адал еңбек құрметке лайық», – деп атап өткен болатын.
Осыған байланысты ауыл шаруашылығы саласына өз ісімен, ынтамен, маңдай терімен үлес қосқан азаматтарды салтанатты түрде марапатталды. Марапатталатын әрбір жан – ауданның өркендеуіне үлес қосқан, өз кәсібінің шынайы шебері.
Олардың еңбегі – тек жеке жетістік емес, бүкіл өңірдің мақтанышы екені айтылды.

«Ауыл шаруашылығы Әулиекөл ауданы экономикасының жетекші саласы және оның тұрақты дамуының негізі болып қала береді. Соңғы жылдары ауданда аграрлық сектордың дамуына елеулі серпін берген бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылды. Биыл Жосалы ауылының маңында құны 5 млрд теңгеден асатын 1000 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы басталды. Ресейден Гольштейн — фриз тұқымының 1000 басы әкелінді. Алдағы уақытта 40 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде жер жұмыстары жүргізілді, екі ұңғыма бұрғыланды, электр желісі тартылды және трансформатор орнатылды. Құрылысты 2026 жылдың соңына дейін аяқталады», – дейді аудан әкім бұл туралы.
Машина-трактор паркін жаңарту сала үшін ерекше маңызға ие екені сөзсіз. Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 85 жаңа техника сатып алды. Бұл трактор, комбайн, сепкіштер шамамен 2 млрд теңгеге бағаланған.

Бұл инвестициялар механизаторларға, агрономдарға және фермерлерге тиімдірек жұмыс істеуге және жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Осы жылы дала маусымы аграрлық сектордың барлық мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында сәтті өткенін де айта кетейік. Жаздық дақылдардың жалпы ауданы 230 мың гектардан асты, оның негізгі бөлігін дәнді және бұршақты дақылдар алды. Механизаторлардың, агрономдар мен фермерлердің еңбегінің арқасында дәнді дақылдар едәуір жиналды, бидайдың орташа өнімділігі шамамен гектарына 15 центнерді құрап тұр. Асыл тұқымды мал шаруашылығы да дамыған. Жыл басында асыл тұқымды ірі қара малдың саны 9 мыңнан астам басқа жетсе, басым көпшілігі Әулиекөл тұқымы. Ауданның төрт ірі шаруашылық, атап айтқанда, «Агрофирма Диевская» ЖШС, «Москалевское» ЖШС, «Тимофеевка-Агро» ЖШС және «ИНСПЭК» ЖШС әулиекөл тұқымының асыл тұқымды репродукторлары бола білді. Жыл басынан бері облыс ішінде де, одан тыс жерлерде де асыл тұқымды төлдердің едәуір көлемі сатылды. Бұл жетістіктердің барлығы механизаторлардың, агрономдардың, фермерлердің, ветеринарлар мен инженерлердің қажырлы еңбегі мен ауданның ірі шаруашылықтарының белсенді қатысуының нәтижесі. Олардың кәсібилігі мен адалдығы ауданның ауыл шаруашылығының дамуына мүмкіндік береді, тұрақтылық, егін жинау және барлық тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер әкеледі.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Шыңғыс Сабыров
Әулиекөл ауданы
