Бұл нысан осы ауылдың ғана емес, қоңсылас Тимирязев елді мекенінің де қауіпсіздігіне жауап бермек. Тілсіз жауға араша түсетін бөлімшенің құрылуы тұрғындардың көңілін жайландырған жаңалық болды.
Бекет аталған ауылдағы «Қуат-1» ЖШС базасында пайда болып отыр. Бұл – «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба. Енді екі ауылдың өртке қарсы қорғанысы нығайтып, шалғайдағы жұрттың алаңдаушылығы азая түспек.
Бөлімшенің ашылу рәсіміне облыстық ТЖД уақытша міндетін атқарушы басшысы Назарали Селимов пен аудан әкімі Марат Шымырбеков және ауыл тұрғындары қатысты. Басшылық өкілдері ауылдықтарға құттықтау лебізін жолдап, жаңа нысанның маңызына тоқталды.
«Жаңа бекет Урожайный мен Тимирязев ауылының өртке қарсы қорғанысын күшейтеді. Бұның оқыс жағдайларға қарсы дер кезінде әрекет ету және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға аса зор ықпал ететіні сөзсіз. Тұрғындар тұрмысы тыныш, қауіпсіздік деңгейі жоғары болуы үшін жасалған жағдай. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын таба бермек», – деді аудан әкімі Марат Шымырбеков.
Нысан жылу беру жүйесімен жабдықталған. Ал ол кезекшілік қызметті жыл бойы үздіксіз жүргізуге жол ашады. Арнайы жасақталған тұрғын бөлме және арнаулы техниканы жөндеуге арналған шеберхана құтқарушыларға қолайлы. Бөлімшеге ТЖД балансынан ықтимал өрт оқиғаларына жедел әрекет етуге арналған «ЗИЛ» маркалы автосцистерна берілген.
Айта кету керек, «Ауыл құтқарушылары» – ауылдық жерлердегі өртке қарсы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған бағдарлама. Оның аясында шалғай елді мекендерде қажетті құрал-жабдықтармен және арнаулы техникамен қамсыздандырылған ерікті өртке қарсы құрылымдар жасақталады. Бұл тілсіз жаудың жедел алдын алуға, ауыл тұрғындарының өмірі мен мал-мүлкін қорғауға септігін тигізеді.
Рәсім соңында ауыл жұрты билік өкілдеріне алғыс айтып, ақсақалдар жағы ақ батасын беріп, аудан өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Руслан Әлкеев
