Амангелді ауданы тұрғындарымен кездесу барысында «Қостанай таңы» газетіне деген сенім мен үміт ерекше байқалды. Халық қалаулылары, ардагерлер кеңесі және жергілікті мекеме өкілдерімен өткен кездесуде тұрғындарды толғандырып жүрген маңызды әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланды.
Медицина саласында кадр тапшылығы сезіліп келген. Биыл ол мәселе шешімін тапты. Ауданға жеті бірдей жас маман келді. Аудандық аурухана басшылығы ақ халатты абзал жандарды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жолдарын қарастыруда.

Халық тек облыс орталығында заманауи аппаратпен тексерістен өте алады. Сондықтан Қостанайға баруға мәжбүр.

«Облыс орталығына томаграфияға жолдама аламыз. Түскеннен кейін оны оқып беретін облыста маман жоқ. Астанаға баруға тура келеді. Сол елордада отырған мамандармен келісімге келіп, халықты әрі-бері шығынға батырмай, жұмысты облыс орталығынан дұрыс ұйымдастыруға болмай ма?», – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Дауылбаев.
Осы секілді ауыл халқының күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін күрделі түйткілдер көп.

«Ауданда тері өңдеп, қабылдайтын мекеменің жоқтығынан соғымның уақытында мал терісі далада қалып жатыр. Ол үшін бизнеске қолдау көрсетіліп, өнімді кәдеге жарататын орындар ашылса», – деді аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбек Әлмағамбетов.
Депутат сою алаңдарының санаулы болуымен қатар, шеткері жатқан өңірлерден алыс орналасқанын да айтты. Сөйте тұра мал иесі сою алаңдарына апаруға міндетті. Олай болмаған жағдайда ветеринарлық бөлім айыппұл салуға дайын. Тиісті мекемелер осы бір жағдайды дұрыс жүйеге енгізсе дейді халық қалаулысы.
Тағы бір өткір мәселе — қаңғыбас иттердің көбеюі. Бұл жағдай халыққа, әсіресе, ауыл балаларына қауіп төндіріп тұр.

Ардагерлер кеңесінің мүшелері қоғамдық көлік жолақысының қымбаттауы да күн тәртібіне шыққанын айтты. Ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен салмақ. Ардагерлер мен әлеуметтік осал топтар үшін жеңілдік қарастыру қажеттігін жеткізді.

Оқу-ағарту министрлігі бекітетін ұстаздардың аттестацияға жарамды журналдар тізіміне қатысты ұсыныс та айтылды.
«Министрліктің 514 бұйрығында көрсетілген сол тізімге облыстық «Қостанай таңы» газеті енгізілсе, мұғалімдердің біліктілігін көтеретін маңызды ақпараттар жарияланар еді. Оның орына республикалық газеттерге шығару талап етіліп, жергілікті ақпарат құралдары ескерілмей жатады, – дейді ауыл оқырмандары.
Бұл кездесуден байқағанымыз – ауыл тұрғындары нақты проблемаларды ашық айтып, шешімін іздеуге ниетті. Халықтың осындай белсенділігі – елдегі азаматтық қоғамның қалыптасып келе жатқанының айғағы. Ардагерлер кеңесі мен халық қалаулыларының бірге отырып, көкейкесті мәселелерді көтеруі — билік пен бұқара арасындағы диалогтың бар екенін көрсетеді.
«Қостанай таңы» редакциясы көтерілген сұрақтар бойынша тиісті органдардан жауап алып, материалдар әзірлейді.
Кенжеш Оразғалиқызы,
«Қостанай таңы» газетінгің директор-бас редакторы
