Арқалықта алты жоба қолға алынды

Арқалықта алты жоба қолға алынды

Ол туралы Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

Қала әкімінің мәлімдеуінше қала бюджеті 2022 жылы 20 миллиярд теңгені құраса, 2025 жылы 30 миллиярд теңгеге дейін өскен. Соған сәйкес, жылма жыл салық түсімдері де артып келеді.

 

 «Биыл кәсіпкерлік саласында 113 жұмыс орнын құра отырып, 6 жоба іске асырылуда. Олар сауда орталықтарын салып, қонақ үй, дәмхана бизнестерін дамытуда. Бизнес көмек» бағдарламасы бойынша 8 жоба мақұлданды. Жоба иелері мал шаруашылығын дамытып, құрылыс, сауда салаларын дамытуға өз үлестерін қосуда. Сондай — ақ, гранттық қаржыландыру аясында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 4 өтінім қабылданып, жаңа жұмыс орны құрылды», – деді Әмірхан Асанов.

Брифингте Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов биыл егін орағының да табысты аяқталғанын тілге тиек етті.

 «2025 жылы жаздық егіс алқаптарының құрылымы 337 мың 635 гектарды құрады. Оның ішінде: дәнді және дәнді-бұршақты дақылдары 300 мың га,  үлесі 89%, майлы дақылдар егіс алқабы 30 мың га, үлесі 8,6%, жем-шөп дақылдарының егіс алқабы 8 мың 351 га, үлесі 2,5%. Картоп – 210,0 га, көкөністер – 4,4 га, және бақша егістігі – 2,4 га. Егін жинау қорытындысы бойынша дәнді және дәнді–бұршақты дақылдардың орташа өнімі гектарына 12,4 центнерді құрады, 374 мың тонна астық жиналды, шабылғаны және бастырылғаны — 300 мың га, немесе 100% орындалды (2024 жылығы көрсеткіш 295 тонна астық жиналды, өнімділігі – 10,2 ц/га)», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Қала экономикасын дамыту перспективасында өнеркәсіп секторы бойынша ағымдағы жылы 92 жұмыс орнын құра отырып, 31 миллиярд 210 миллион теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында асфальтбетон зауыты, қиыршық тас өндіретін кешен, жел электр станциясы және тері өңдеу кәсіпорны бар.

Әмірхан Біркенұлы есеп беру барысында өңір халқын сапалы сумен, жылумен қамтамасыз ету, көше-жол желісін жөндеу, тұрғын үй құрылысы, абаттандыру мәселелеріне де кеңінен тоқталып өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» деп тазалықтың ел өмірімен үндестігін айқындады. Тұрғындардың белсенділігін арттыру мақсатында көпқабатты үйлердің аулаларында сәуір айының басынан бастап, әр апта сайын қараша айына дейін сенбіліктер өткізілді. Бұл бастама тұрғындар тарапынан оң қолдау тапты. Мұндай бастамалар тұрғындар арасындағы ынтымақ пен экологиялық жауапкершілік сезімін нығайта түсуде», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Өңірде цифрландыру, байланыс жүйесі де тынысын кеңейтуде. Биыл Әбдіғаппар хан, Екідің, Молодежный ауылдарында 3 антенна мачта құрылыстары аяқталып, жалпы саны 1 мың 400 адамға жуық 6 ауылдық елді мекенді (Молодежный, Жалғызтал, Целинный, Екідің, Әбдіғаппар хан, Қайыңды) сапалы байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Атап өткен қала күні мен Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған іс-шаралар үлкен қуанышқа ұласқаны сөзсіз. Бұл маңызды мерекелерге демеушілер өз қолдауын көрсетті. Демек, қоғамға деген жанашырлықпен, өздерінің мүмкіндіктері арқылы осы маңызды шараларға қолдау көрсеткен әрбір демеуші, қала халқының мәдени құндылықтарына үлес қосқан болып саналады.

«Бүгінгі таңда қол жеткізген барлық нәтижелеріміз – жергілікті билік органдарының, бизнес-қоғамдастықтың және қала тұрғындарының ортақ әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі. Алдымызда әлі де маңызды міндеттер бар. Біз қаланың тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ете отырып, тұрғындардың игілігі үшін жұмысын жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деді қала әкімі.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ