Бір уыс топырақ

Бір уыс топырақ

Бұл елдің басынан не өтпеді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген кәмпеске, миллиондаған адамды қынадай қырған аштық, саяси қуғын-сүргін ел есінен мәңгі өшпек емес. Халқымыздың басына қара бұлт үйірген нәубетті мәңгі есте сақтау үшін 1997 жылы мемлекет басшысының жарлығымен 31 мамыр аштық, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Осылайша « халық жаулары», «ұлтшылдар» , «исламшылар» , «түркішілдер» , «Жапония тыңшылары» сияқ-
ты толып жатқан жалған айып тағылып, бас көтерер зиялылардан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды.

Ресми деректерге сәйкес, елімізде 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған екен. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесіліпті. Арасында ғалымдар, мәдениет, әдебиет және саясаткерлер, дәрігерлер болды. Шындығына келгенде, олардың ешқайсының кінәсі жоқ еді. Солардың арасында облыстық « Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің бірнеше қызметкері бар-тұғын. Мәселен, жазықсыз жапа шегіп, жат жерде опат болған жерлес журналист Төлебай Бижановтың тағдырына бейжай қарауға болмайды. Оның облыстық «Большевиктік жол» газетінде істеп жүргенде біреулердің «қажының баласы» деп көрсетуімен жұмыстан шығарылуы тіпті күлкілі. Бір-біріне тасада тұрып, тас атып, сыртынан қаралауды әдет қылғандар Сталиннің «Әкесі үшін баласы жауап бермейді» дегенін қаперге алмағаны, өкінішті!

– Менің атам Бижан асқан бай болмағанмен, малды-жанды, ел сыйлаған кісі екен. «Заманның өткен-кеткеніне, болашағына мән беріп, болжап айтып отыратын еді, жарықтық!», – деп жиі еске алушы еді үлкен кісілер, бала кезімде. Ол уақытта жер дауы, жесір дауы т.б. толып жатқан елішілік мәселелер көп болған ғой. Сондай дау-жанжалды шешер кезде « Бижекең қажы келсін» деп күтіп отырады екен. Бижан атам Мекке-Мәдинаға барып, қажы атанған кісі. Ел арасында билікке араласып, төрелік айтып отырады екен. Мұның бәрі Қазан төңкерісіне дейін болған. Әкем Төлебай ең кенже баласы. 1937 жылы қараша айында Қостанайдағы «Большевиктік жол» газетінің әдебиет бөлімінде қызмет істеп жүргенде, 25 жасында комсомолдан шығарылып, жұмысынан шеттетілген. Бар кінәсі – әкесінің қажы болғаны, – деп еске алады жасы сексеннен асқан Шәмел Бижанов ақсақал.

Желеу – қажының баласына партияның қатарында орын жоқ. Партия, кеңес баспасөзінде қызмет істеуге болмайды. Міне, кеңес үкіметінің осындай оспадар саясатының кесірінен мыңдаған қазақ баласы тірі жетім атанды, қаншама әйел жесір қалды. Бұл өмір бойы естен кетпейтін зобалаң еді.

Солақай саясаттың дауылына ұрынып, қуғынға ұшыраған Төлебай Бижанов туралы журналист Сәлім Меңдібай ағамыз бірнеше рет баспасөз бетінде індете жазды. Әкеден ерте көз жазып қалған Шәмел аға бұған дейін ол кісінің нендей қызмет істегенінен де хабарсыз екен. 2001 жылы Қос-
танайдағы облыстық архивінен әкесінің 1936-1937 жылдары жазған жетпістен астам мақаласын, қызметтен неге қуылғаны туралы құжаттарды тауып, көшірмесін алыпты. Осы жерде сәл шегініс жасауға тура келеді.

«Большевиктік жол» газетінің 1937 жылғы тігінділерін ақтарсаңыз Төлебай Бижанов есімі жиі кездеседі. Басылымның сол кездегі сандарында ол Семиозер ауданынан хабар-ошар жолдап тұрған. Шағын хабарлардың дені Ноғайкөл ауылдық кеңесінен жазылған. Қолдағы деректерге сүйенсек, Төлебай Бижанов сол Ноғайкөл селолық кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарыпты.

Тілшінің қаламынан туған материалдың көбі сол уақыттағы елдің тынысын, саяси ахуалды бірден аңғартады. Оны мақалалардың тақырыптары да айғақтап тұр. Ауыл тілшісі колхоз құрылысындағы, жалпы ел өміріндегі кемшіліктерді тілге тиек етіпті. Мақала тақырыптары «Қызыл бұрыш, кітапхана жұмыстарына көңіл бөлінбей отыр», «Қамсыз отырған колхоздар» , «Семиозер басшыларының есінде жоқ жұмыс» , «Колхозда есеп жұмысы нашар» , «Жауапсыздыққа салынған ферма бастығы», «Бейқам оқу бөлімі» , «Салықтарын төлемей отыр» , «Еңбек ақыны бермейді», «Финанс бөлімі не бітіріп отыр?», осылайша жалғасып кете береді. Төлебайдың жазған сол мақалаларында жауапты адамдардың аты-жөні аталып, олардың жұмысындағы біраз кемшілік әшкереленеді.

Осы арада 1937 жылы 7 қазанда «Большевиктік жол» газеті редакциясыда жазылған бұйрықты келтірейік:

«Приказ № 63

Б.Ж. редакциясы 7/х-37ж.

Бижанов 1 октябрьден бастап әдебиет қызметшісіне тағайындалсын.

Еңбек ақысы – 350 сом.

Редактор Елемісов».

Шамасы, сол кездегі тәжірибеге сай қолынан жазу-сызу келетін ауыл тілшісін газет редакциясы аппаратқа шақырып, қызметке алған. Т.Бижанов облыс аудандарынан да хабар-ошар жаза бастайды. Мәселен, Таран (қазіргі Б.Майлин) ауданындағы комсомол жұмысы жайлы мақаласы осы сөзімізге дәлел бола алады. Бірақ, тілшінің газет редакциясындағы қызметі ұзаққа барған жоқ. Редактор Елемісов Бижановты қызметке алған соң, арада бір ай он екі күн өткенде екінші бұйрық шығарған. Онда былай делінген:

«Приказ № 65.

«Большевиктік жол» газетінің редакциясы. 19.ХІ.-1937 ж.

Бижанов өзінің табын жасырып (қажының баласы) комсомол ұйымын, редакцияны алдап келгені ашылып, 17 ноябрьде комсомол қатарынан шығарылды, комсомол ұйымының осы қаулысына байланысты Бижановтың табы жат болғандықтан енді партия баспасөзінің аппаратында істеуге болмайды.

Сондықтан 17-ші ноябрьден бастап қызметтен және Б.Ж. тілшілік қатарынан шығарылсын.

Редактор Елемісов.»

Журналист Төлебай Бижановтың тағдыры осылайша бір бұйрықтың пәрменімен шешіледі. Бұл «Жаптым жала, жақтым күйенің» нақ өзі еді. Басқалай қисыны жоқ. Басылым тілшісінің шыққан тегін «анықтап» , тиісті орындарға домалақ арыздың бірінен соң бірін боратқандар жас тілшінің сыни мақаласына арқау болған кейіпкерлері екенін аңғару қиын емес.

Осы қуғыннан кейін денсаулығы сыр берген Төлебай Бижанов Қазан қаласына барып емделген. Бірақ, 1938 жылы 10-қаңтар күні операция үстелінде көз жұмыпты. Осылайша қостанайлық жас журналистке өзге елдің топырағы бұйырды. Ол Қазан қаласында мұсылмандар зиратына жерленген. Артында қалған жалғыз тұяқ Шәмел ақсақал әке қабірін іздеп, Татарстан астанасына талай барып қайтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын қасына екі ұлын ертіп, әкесі жерленген зиратқа туған жердің топырағын апарып септі. Әруағына құран бағыштады. Бауырлас елдің мұрағатынан табылған құнды құжат бүгінде Бижановтар әулетінің қастерлі жәдігеріне айналған. Қария соны медет тұтады.

 

Әлібек Ыбырай

Жаңалықтармен бөлісу