Мемлекеттік тілде сауатты сөйлейтін өзге этнос өкілдері баршылық қой. Көпшілігінің тілді меңгеруіне қазақы ортада өскені немесе қазақ тілінде білім беретін мектепте оқығаны сеп болып жатады. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Маргарита Александрқызының оқиғасы мүлде бөлек. Денисов ауданының тұрғыны Маргарита Николаенко мемлекеттік тілді шебер меңгерген жастардың бірі. Ол қазақ тілін өз бетімен үйреніп алыпты.

Түйемойнақ жерінің төл тумасының қазақ тіліне деген қызығушылығы оқушы кезінде басталған. Ауданға қарасты Қырым ауылындағы Қырым орта мектептебінде сауат ашқан. Білім ошағы қазір Қырым жалпы білім беретін мектебі деп аталады.
Бала шәкірт қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқып, өзінің жүрек қалауымен тіл үйренуге ден қояды. Талабы таудан жас өркенге қанат бітіріп, зейінін ашқан сол кездегі ұстазы Сұлушаш Тәукенова екен.
«Мемлекеттік тілді үйренейін деген арнайы мақсатым болған жоқ. Тек қана мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін өздігімнен ерекше ынтамен оқыдым. Пәнге деген сол қызығушылығым тілді меңгеруге себепкер болды. Бұл жерде пән мұғалімі Сұлушаш Тәукенова апайымның маған артқан сенімі мен қолдауын, еңбегін атап өту керек. Сол кісінің көмегімен қазақ тілін ешқандай қиындықсыз үйрендім. Ұстазымның бағыттауымен олимпиадаларға, байқауларға қатыстым. Бүгінде мемлекеттік тілді орташа деңгейде білемін», – дейді Маргарита.
Мұның өзі зерек шәкірттің алғырлығы шығар. Сабақтан үйренгенін жадында сақтап, бүгінде сол білімді өмірде қажетіне жаратып жүр. Әр бала Маргарита сияқты қазақ тілін мектепте жүріп-ақ меңгеріп алса, еліміздегі мемлекеттік тілдің жай-күйі бұдан да зор, тамаша болар еді-ау.
Маргарита Николаенко мектеп бітірген соң, Қостанай педагогикалық колледжінде мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша білім алады.
Оны тәмамдаған соң қалада, Қостанайда қалып, балабақшалардың бірінде еңбек жолын бастайды. Алайда, тағдыр оны басқа бағытқа жетелеп, кітапхана саласында әкеледі. Осылайша, туған ауылына қайта оралып, бүгінгі күні Денисов орталық аудандық балалар кітапханасында кітапханашы болып қызмет етіп жатыр.
Сонымен қатар біліктілігін жетілдіріп, «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығында жоғары білім алуда. Ауданның мәдени өміріне белсене араласып, бұқаралық іс-шараларға үлес қосуда. Аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі мемлекеттік тілді меңгеру жөніндегі сайыстарда бақ сынап, жүлде алып жүр.

Мысалы, 2022 жылы «Тіл шебері» облыстық байқауында Денисов ауданының намысын қорғап, үш тілді меңгерген өзге этнос өкілдері арасында жақсы нәтиже көрсетті. Оның қазақ тілін үйренуге деген ынтасын ескеріп, облыстық мәдениет басқармасы басшысының алғыс хаты табысталды. Жалғасын кейінірек газеттен оқи аласыздар.
Қымбат ДОСЖАНОВА
