Алматыда өтіп жатқан Түркітілдес журналистер форумында сөз сөйлеген Нидерландия Түркітілдес журналистер одағының төрағасы, Еуропадағы танымал медиа маман Өзджан Өзбай дәстүрлі журналистиканың құндылығына тоқталды.
Ол жасанды интеллект мүмкіндіктерін жоққа шығармайтынын, бірақ адам еңбегі мен шығармашылығының орнын ештеңе баса алмайтынын жеткізді.

«Жасанды интеллекті пайдаланбай, өз қолыммен мақала жазу маған ерекше ләззат сыйлайды. Журналистиканың шын дәмі — өз еңбегіңнің жемісін көру», – деді Өзбай.
Ол осы салада 43 жылдық тәжірибесі барын айта келе, журналистке ең қажет қасиет – адамгершілік екенін атап өтті.
«Бәсекелестік артқан қазіргі заманда көпшілік жасанды интеллектке сүйеніп отыр. Бірақ мен әрдайым өз қабілетіме сенуді жөн көремін. Егер адамгершілігіңмен, шынайылығыңмен көзге түссең, әріптестерің де, қоғам да құрметпен қарайды», – дейді ол.
Форумда қатысушылар бұл пікірді жылы қабылдап, қазіргі таңда технологиялық мүмкіндіктер мен адами құндылықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін алға тартты.
Өзджан Өзбайдың сөзі жас журналистерге бағытталған тәжірибе мен моральдың үйлесімді үлгісі ретінде есте қалары сөзсіз.
