Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінде «ЭПК-forfait» ЖШС-ның 2026-2030 жылдар аралығында электр энергиясына кезең-кезеңімен жаңа тариф енгізу туралы жобасы талқыланды.
Жария тыңдау электр желісі компаниясының өтініші бойынша ұйымдастырылды.
«ЭПК-forfait» ЖШС алдағы бесжылдықта электр қуатына жаңа тариф енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы өтінім әзірлеп, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментіне биылғы жылдың 31-шілдесінде жолдаған. Алайда, өтінім мақұлданбапты, әзірше уақытша тоқтап тұр. Себебі, ел үкіметі жуырда ғана коммуналдық қызмет тарифтеріне мораторий жариялаған еді. Осылайша бағаны көтеру 2026 жылдың I тоқсан соңына дейін тоқтатылды.
Билік әлеуметтік ахуалды, экономикалық жағдайды ескеріп, халықтың игілігі үшін бағаны өсірмей, уақытша ұстап тұруға шешім қабылдап отыр.
Компанияның қазіргі тарифі кВт/сағатына 17,10 теңгені құрайды. 2026 жылдан бастап бағаны кезең-кезеңімен өсіруді жоспарлауда. Мысалы келер жылы бір КВт/сағат электр энергиясының құнын 25,33 теңгеге көтеруді сұрап отыр. Компанияның жобасы мақұлданса алдағы жылы электр энергиясы бірден 1,5 есе қымбаттайды деген сөз. Осылайша, тарифті 2030 жылға дейін әр жылы шамамен 1,5 %-ке арттырмақшы.
Әзірге, бұл тек ұсыныс күйінде қалды. Соңғы шешімді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті қабылдайды. Компания тарифтің өзгеруін 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламалармен байланыстырды.
«Бұл инвестициялардың мақсаты – электр желілерінің сапасын арттырып, тасымалдау кезінде энергия шығындарын азайту. Нақтырақ айтқанда, желілер мен автокөліктерді жаңарту және ғимараттарды қайта жаңғыртуға көңіл бөлінуде. Электр қуатын техникалық жағынан үнімдеуге мүмкіндік беретін заманауи есепке алу жүйлерін енгізу де жоспарлануда», – деп түсіндірді «ЭПК-forfait» ЖШС директоры Дидар Аманжолов.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айдана АЙБЕКҚЫЗЫ
