Ұлттық жол активтері сапасы орталығының Қостанай филиалында облыстағы жол жабынындағы ақауларды жоюға мердігерлер 340 млн теңгеден астам қаражат жұмсағаны хабарланды. Биыл барлығы шамамен 280 бұзушылық тіркелген.
Қателіктердің басым бөлігі жол-құрылыс материалдарының сынамаларына байланысты — 2241 сынаманың 387-сі нормативтерге сәйкес келмеген. Осыған байланысты мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен 340 млн теңгеге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізген.
— Біздің орталық тек республикалық жолдарды ғана емес, облыстық, аудандық және қалалық маңызы бар жолдарды да тексереді. Сонымен қатар жол жабынының диагностикасын жүргіземіз. Барлық анықталған ақаулар тіркеледі. Мердігерге кемшіліктерді жою үшін уақыт беріледі. Егер осы мерзім ішінде жұмыс орындалмаса, әрі қарай шара қолдану үшін сәулет және қала құрылысы басқармасына тиісті хат жолдаймыз, — деді филиал директоры Абылайхан Алшынбаев.
Жолдарды салу және жөндеу барысында жиі кездесетін негізгі бұзушылықтарға тығыздау коэффициенттерінің сәйкес келмеуі, геометриялық параметрлердің ауытқуы, сондай-ақ жол жабынындағы әртүрлі ақаулар жатады.
Соңғы 5 жылда мердігер ұйымдар ақаулар мен бұзушылықтарды шамамен 1,6 млрд теңге көлемінде жойған.
