Мемлекет басшысының қолдауымен және заң үстемдігін нығайту мақсатында республика көлемінде «Заң және тәртіп» жобасы аясында халыққа түсіндіру және құқықтық көмек көрсету шаралары өткізіліп жатыр.
Бұл бастаманы прокуратура органдары ұйымдастырып, оған түрлі мемлекеттік құрылымдармен бірге Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері де белсенді қатысуда.

Қостанайда өткен акция барысында 100-ден астам тұрғын өз құқықтық мәселелеріне байланысты тегін кеңес алды. Іс-шараға облыс прокурорының міндетін атқарушы Бауыржан Бекбосынов жетекшілік етті.

«Мұндай кездесулердің басты мақсаты – азаматтарға кәсіби заңгерлік көмек көрсету, құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдардың назарын қажет ететін жүйелі мәселелерді анықтау», – дейді Бауыржан Бекбосынов.
Іс-шараға Экономикалық тергеу департаментін департаментінен қатысқан басшысының орынбасары Ризабек Серғазин мен басқарма басшысы Асқар Ахмедияров азаматтармен жеке қабылдау өткізіп, қаржылық қауіпсіздік, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және көлеңкелі экономикамен күрес тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Абай Ахмедияров алаяқтық пен дропперлік мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда жастарды және қарапайым азаматтарды «оңай табыс» уәдесімен заңсыз әрекеттерге тарту жиілеп отыр.

«Дропперлер – қылмыстық схемаларға қатысатын тұлғалар. Олар кей жағдайда өздерінің заңсыз істерге араласқанын білмей де қалады. Дегенмен мұндай іс-әрекеттердің салдары ауыр – ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді Абай Ахмедияров.
Алаяқтар дропперлерді көбінесе танымал сайттар, әлеуметтік желілер немесе курьерлік қызметтер арқылы тартады. Оларға икемді жұмыс, жоғары жалақы немесе пассивті табыс уәде етіледі.
«Кейбір хабарландыруларда 500 мың теңгеге дейін айлық табыс ұсынылады. Ондайдан сақ болу қажет. Мұның артында заңсыз ақша айналымдары мен қылмыстық схемалар тұруы мүмкін», – деп түсіндірді Абай Ахмедияров.
Қазіргі кезде телефон және интернет алаяқтарының тәсілдері күннен-күнге түрленіп барады. Олар өздерін банк қызметкері, полиция немесе байланыс операторы ретінде таныстырып, сенімге кіреді. Азаматтарды шатастыру үшін мына әдістер жиі қолданылады. Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытады. «Шотыңыздан террористік ұйымға ақша аударылған» деген желеумен жеке мәлімет сұрайды. «SIM-картаңыз бұғатталады» деп алдап, деректеріңізді талап етеді. Бөгде сілтемелер жіберіп, оған өтуді сұрайды.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Тұтқаны дереу қойыңыз! Сенім телефонына хабарласыңыз: 8 (7142) 53-01-53.
«Егер «туысыңыз қиындыққа тап болды» деген мазмұндағы қоңырау алсаңыз – абыржымаңыз, дереу туысыңызға өзіңіз қоңырау шалыңыз.Таныс емес адамдарға ақша аудармаңыз, сілтемелерге өтпеңіз және SMS-парольдерді ешкімге айтпаңыз! Алаяқтардың сіздің атыңыздан несие рәсімдемеуі үшін Egov Mobile қосымшасында келесі қызметті қосуға болады. Қызметтер → Салықтар және қаржы → «Банк несиелерінен ерікті бас тарту». Бұл қызметті қосу арқылы сіздің жеке деректеріңізді пайдаланып, бөтен адам несие рәсімдей алмайды», – деп пысықтады басқарма басшысы.
Бұған дейін осы жоба аясында «Қаржылық қауіпсіздік диктанты» өткізілген болатын. Оның мақсаты – азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсінікті тілмен жеткізу. Диктантқа ел бойынша 3 миллионнан астам адам қатысып, Қостанай облысынан 78 мың азамат өз білімін сынады. Нәтижесінде 10 жеңімпаз анықталды – олардың арасында 5 мектеп оқушысы және 5 ересек қатысушы бар. Барлығы Қаржылық мониторинг агенттігі мен Халық банкі тарапынан сыйлықтармен марапатталды.


Экономикалық тергеу департаментінің аға жедел уәкілі Әсемгүл Балжақаеваның айтуынша, мұндай шаралар қоғамның қаржылық сауатын көтеріп, азаматтардың өз мүдделерін қорғауға және алаяқтық қауіптерін тануға үйретпек.
«Қаржылық қауіпсіздік диктанты – халықтың білім деңгейін анықтап қана қоймай, әрі қарайғы ағартушылық жұмыстардың негізін қалайтын маңызды құрал. Бұл бастама жауапты және ақпараттанған қоғам қалыптастыруға бағытталған», – деді ол.
«Заң және тәртіп» жобасы – тек құқық бұзушылықтың алдын алу шарасы ғана емес, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған кешенді бастама.
Қостанай облысында жүргізілген бұл жұмыстар – азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырудың жарқын үлгісі. Тұрғындар мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұруын және кең аудиторияны қамтуын қолдап отыр.
Айбек ЖҮЗБАЙ
