Арқалықтықтар таяуда Түркістан қаласында ел намысын еңселі еткен жампоз спортшыларын дәм-тұзбен, ән-жырмен думандатып қарсы алды.
«Тобыл – Торғай тарландары» қазақ күресі федерациясының абыройын асқақтатқан Азия чемпионы Архат Баймурзин, Әлем кубогінің иегері Нұрсұлтан Қаблан және олардың бапкерлері, Қостанай облысының аға жаттықтырушылары Азамат Ерәділов пен Сайлау Рыздықов халықтың қошеметіне бөленіп, мерейлері үстем болды.
Жеңімпаздарды күтіп алу рәсімінің салтанатында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаз палуандардың әрқайсына 2 миллион теңгенің сертификаттарын табыс етті.
Сондай — ақ, ел мерейін асқақтатқан елеулі шақта Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаев пен белгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Айбек Қалиев жылы лебіздерін білдірді.

Елге рух сыйлаған ізгілікті іс – шараға қос палуанның ата – аналары, ұстаздары мен өзге де жақын – жуықтары қатысты.
«Бүгін ақ түйенің қарны жарылған өте қуанышты күн. Балаларымыз еңбегімізді ақтап «Азия чемпионы» болып келіп жатыр. Архат 9 жасынан бастап дзюдо күресімен айналысты. 2021 – ші жылы үлкен жасаөспірімдер арасында, 2024 – ші жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Үлкен сән – салтанатпен күтіп алып жатқан қала халқына ризамыз. Елге, жанашыр азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз», – дейді елге жеңіс сыйлаған даңқты спортшының әкесі Алмас Баймурзин.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген — автор
Арқалық қаласы
