Фойе мерекеге сай безендіріліп, С. Кожамкулов атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары қонақтарды әсем әуенмен қарсы алды. Залда Қазақстан, достық және бірлік туралы әндер шырқалып, LED-экранда мерекелік бейнежазба көрсетілді.
Мерекелік іс-шара фанфарлар үнімен ашылып, сахна төрінде қазақ халқының рухын асқақтатқан «Асыл-Мұра» ансамблі «Ақсауыт» күйін орындады.

Мерекенің ресми бөлімінде Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

«Биыл еліміздің тәуелсіздік пен егемендікке жету жолындағы басты қадамы, оның мызғымас іргетасы — Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл. Бұл — біздің жетістіктерімізді бағалап, одан әрі дамудың бағыттарын айқындайтын маңызды кезең. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда, Республика күніне — ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы ұсынысы қалың көпшіліктің қолдауына ие болды. Шын мәнінде, ұлттық мерекенің мән-маңызы айрықша. Бейбіт елде берекелі халықтың ырыс-ынтымағының арқасында көздеген мақсаттарымызға жетіп, ел игілігіне асатын оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтардың көп болатынына сенім мол. Біз қашан да бірлік пен түсінушілік танытып, түрлі қиындықтарды жеңіп, белестерді бағындыратынымызға кәміл сенемін», – деді аудан әкімі.

Әкім аудан өміріне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыс және аудан әкімдерінің грамоталары мен алғыс хаттарын табыс етті.
