Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, бірқатар партия мүшесіне наградалар табыс етілді.
Іс-шараны ашқан Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, 35 жыл бұрын Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы жаңа дәуірдің бастауы болғанын атап өтті.


«Отыз бес жыл – аз уақыт сияқты көрінгенімен, маңызы жағынан тұтас бір ғасырға тең. Ата-бабамыздың арман-тілегі орындалып, біз тәуелсіз ел болдық. Шекарамыз бекіді, әлемге құрметті, қуатты мемлекетке айналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл тарихи күн ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Қазіргі таңда реформалар жолын жалғастыра отырып, ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басудамыз», – деді Ерлан Қошанов.
Партия Төрағасы барлық реформалар мен қоғамдағы ірі өзгерістердің, экономикалық жетістіктер мен саяси тұрақтылықты нығайту қадамдарының барлығы елдің Тәуелсіздігін сақтау мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты. Ол сонымен қатар осы істердің алдыңғы қатарында әділетті Қазақстан құру ісіне белсене қатысып жүрген «AMANAT» партиясының мүшелері тұрғанын атап өтті.
Жиын соңында Ерлан Қошанов бірқатар партия мүшелеріне мемлекеттік және партиялық наградалар табыстады.
