Жангелдин ауданының Н. Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған “Халық” театры “Ояндың ба екен қазағым?!” атты кезекті тың туындысын көрермен назарына ұсынды.
Бұл жолғы қойылым Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орайластырылған. Туынды авторы – белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әбутәліп Әмір.

Қоюшы режиссеры — театр және кино актеры Марғұлан Әбдібек.

Алғаш рет сомдалған қойылымды қалың көрермен ынта қойып тамашалады. Басты ролдерде: Міржақып – Батырлан Қазым, Міржақыптың жары Ғайнижамал – Фариза Бүркітбай, Ахмет Байтұрсынұлы – Марғұлан Қасымбек, Әлихан Бөкейхан –Нұрлан Алмас, Міржақыпұлы Әлібек – Дамир Жаңбырбай, Міржақыпқызы Гүлнар – Ақбота Құрманбек асқан табандылықпен шынайы ойнап шықты.

Сондай – ақ, әскерлер: Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 11-ші сынып оқушылары – Серікбай Ерасыл, Төлеухан Аян, тергеуші – Шыңғыс Сәдуақас, жас жігіт – Самұрат Ерік, санитар ханым – Жанат Әлібекова бейнелерін аша білді.
Жалпы көрініске қатысқан Алмагүл Қалиева, Ислам Асқарбекұлы, Қажымұрат Қойшыұлы, Мейрамкүл Сыздықова, Гүлсая Манатқызы да өз істеріне зор жауапкершілікпен қарағандарын айтуға болады.
Қойылымның дыбыс режиссері – Ұлан Топай,жарықпен әрлеуші – Данияр Ахметқали, гримдеуші – Арайлым Талапқызы.

Қойылым соңында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі қаламгер Әбутәліп Әмірге Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашев Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай жасалған арнайы сыйлық, ескерткіш торсық, Алғыс хат табыстады. Қоюшы режиссер Марғұлан Назарұлы да аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Өз кезегінде Әбутәліп Әмір мырза аудандық «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Жанар Асанқанқызына алғысын айтып, «Ояндың ба екен қазағым?!» және «Бақыт кілті» атты кітаптарын сыйға тартты.
Мұрат Жүнісұлы
Жангелдин ауданы
