Халықаралық адвокаттар одағының тарихы сонау ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан басталады. 1927 жылы құрылып, бүкіл әлемдегі адвокаттарды біріктіретін қауымдастықтың әлімсақтан ұстанған бағыты – әлемдік деңгейде сала өкілдерімен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасу, бастысы адвокаттың кәсібін қорғау. Осы бір қағиданы Әділет органының өкілдері Тобыл төрінде тағы бір мәрте жаңғырта түсті.
Департамент басшысы Әлия Аманжулова облыс аумағында заң саласында азаматтардың құқығын қорғап, шырылдап жүрген қамқоршы жандардың басын біріктірді.
«Адвокатура – әрбір адамның Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген білікті заң көмегіне құқығын іске асыруды қамтамасыз ететін азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өз мүдделерін әділ қорғауға, соттарда және басқа органдарда шындық пен әділеттілікке қол жеткізу мүмкіндігі адвокаттардың құқықтарының қаншалықты тиімді қорғалғанына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда біздің қоғам мен мемлекет белсенді құқықтық Қайта құру кезеңінен өтіп жатқанда, адвокатураның тәуелсіздігін, оның беделі мен құқықтық кепілдіктерін нығайту мәселесі ерекше маңызға ие болады», – деп атап өтті департемент басшысы.
Бұл идеяны Мемлекет сасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында айтқан болатын.
«Әрбір азаматтың өз құқықтарын қорғауға сенімді болуы, соттардың әділдігіне күмәнданбауы маңызды. Барлық азаматтар сотта өз құқықтарын қорғау үшін сапалы заң қызметтеріне тең қол жеткізуі қажет. Осы мақсатта мемлекет әлеуметтік осал санаттағы зардап шеккендерге заң көмегіне кепілдік береді», – деген еді Мемлекет басшысы.
Президенттің бұл сөздері адвокатураның әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі, адвокаттардың құқықтарын қорғау әрбір азаматтың әділ сот талқылауында құқығын қорғау екенін терең түсінуді көрсетеді. Мемлекет басшысының осы қағидасын басшылыққа алған адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Таир Назханов жиналғандарға телекөпір арқылы комиссияның жұмысы жайлы айтты.
«Қызмет атқару кезінде адвокаттардың кәсіби құқықтарына нұқсан келтіретін әртүрлі фактілермен жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда адвокаттар Республикалық адвокаттар алқасы арқылы комиссияға жүгіне алады. Адвокаттар заң бұзушылықтарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар тарапынан жеке қаулы шығару кезінде жиі тап болады. Комиссия жұмыс барысында адвокаттардың кәсіби тұрғысында бұзылатын құқықтарының тізбесін де жасап қойды», – деді комиссия төрағасы.
Мәселен, адвокаттардан клиенттерге көмек көрсеткен iсі бойынша жауап алынады. Онымен қоймай, оларға қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілетіні тағы бар. Сол аралықта клиенттерімен кездесуге жол берілмейді. Қорғаушының ісі қадағаланып, сот процесі кезінде үнемі тексеріс жүріп отырады. Байланыс құралдары тартып алынып, кейбір іске қатысудан шеттетіліп жүр. Адвокаттардың қызметiне заңсыз араласып, кеңселері мен үйлеріне заңсыз тінтулер жүргізу фактілері де кездесіп жатады. Ақыр аяғында адвокаттарға қатысты заңсыз қылмыстық істер қозғалып, уәкілетті мемлекеттік органның лицензияларынан айыру туралы негізсіз талаптары жойылмай келеді. Соның салдарынан жеке көзқарастағы негізсіз қаулы, ұйғарымдар қаптап кетті. Осы жағдайдың алдын алу үшін 2022 жылы 19 ақпанда комиссияның ережесі бекітілді. Қазіргі таңда комиссия мүшелерінің саны 29 адамға жеткен. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін адвокаттардың кәсіби құқықтарын бұзу фактілері бойынша жүзден астам өтініш келіп түскен. Биылдың өзінде 52 өтініш қаралып отыр.
«Заң көмегін көрсететін адамдар өз құқықтарын жүзеге асырып, кәсіби міндеттерін орындау кезінде тәуелсіз болады. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, прокуратура, соттар, басқа да мемлекеттік органдар, өзге де ұйымдар мен адамдар тарапынан олардың қызметіне араласуға жол берілмейді. Заң көмегі жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және іске асыруға жәрдемдесу мақсатында көрсетіледі. Заң көмегін көрсету шараларын таңдау клиенттің мүдделеріне негізделуі тиіс», – деді бұл туралы облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Рамиль Хисматуллин.
Адвокаттар азаматтық қоғамның белсенді бөлігін құрайды. Олардың елдегі маңызды оқиғаларға қатысты ұстанымдары қоғамда өте маңызды сұранысқа ие. Сондықтан сөз бостандығы, ақпарат тарату құқығы адвокаттарға толығымен тиесілі.
Ешмұхамет Шектібаев ғұмырын тұтастай осы бағытқа арнаған азамат. Бүгінде республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі. Адвокаттардың қызметі заңның үстемдігі қағидатын сақтау және адам құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету тәжірибесіндегі негіздердің бірі деп есептейді.
«Адвокаттар кәсіби құқықтары мен қызметінің кепілдіктерін олардың жеке құқықтары емес екенін есте сақтай білу қажет. Бұл – біздің сенім білдіруші клиенттеріміздің құқықтары мен кепілдіктері. Сондықтан, адвокаттардың жаңа құқықтарын енгізе отырып, кәсіби қызметтің кепілдіктерін дамыта отырып, іс жүзінде қоғам азаматтарының құқықтарын кеңейту бағытында жұмыс істейтін боламыз. Бұл қызмет олардың тәуелсіздігінің тиісті кепілдіктерінсіз мүмкін емес», – дейді ол.
Иә, адам құқықтары бір-бірінен ешқашан бөлінбейтін, өзара тығыз байланысты ұғым. Сондықтан адвокаттың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын жалпыға бірдей танылған халықаралық ұйым жоқ. Бұл іс-шараны Әділет департаментінің өкілдері «Заң мен Тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында ұйымдастырғанын айта кетейік.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Диана Алмасқызы
