ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия «Ауыл» партиясымен бірлесіп, биылғы қазан-желтоқсан айларында «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты форумын өткізуді жоспарлады. Осыған байланысты, Ақмола, Алматы, Атырау, Қызылорда, Павлодар облыстары әкімдерінің аппараты іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды бастап кетті.
«Ауыл» партиясынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Ғайния Есеева Атырау облысы Индер ауданында болған алғашқы басқосуына қатысып келді.

«Үлкен қадамымызды тарихи маңызы бар Тұран елінің киелі топырағы – Атырау облысы Индер ауданында бастап отырмыз. Бұл – Қазақстанның әрбір ауылының тірегі саналатын әйелдердің қоғамдағы рөлін жаңа деңгейге көтеретін, ірі стратегиялық серіктестіктің жемісі», – дейді Ғайния Есеева.
Иә, бұл іс-шараның дәл осы Индер ауданынан басталуы кездейсоқтық емес екен. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңызды іс-шараларды шалғай аймақтарда, елдің тіршілігі мен еңбегі қайнап жатқан жерлерде өткізу қажеттігі туралы тапсырмасының нақты орындалуының белгісі.
«Біздің ортақ мақсатымыз: өңірлердің әлеуетін ашу, ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету және Президент саясатының негізгі бағыттарын ауылға жеткізу. Индерден басталған бұл форум ауылдың дамуына, елдің бірлігіне қызмет ететін маңызды қадам деп сенемін», – дейді ол.
Депутаттың пайымдауынша, «Ауыл» партиясы үшін бұл форум – тікелей миссия.
«Біз ауылдың гүлденуін, оның ішінде ауыл әйелдерінің экономикалық тәуелсіздігін – елдің дамуының негізі деп білеміз. Біздің ұстанымымыз: «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз!». Осы мақсатта «Ауыл» партиясының жанынан отбасы әйелдер және балалар істері жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Бұл комиссия ауыл әйелдерінің құқытарын қорғау олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және білімін арттыру бойынша нақты жобаларды жүзеге асыруда», – дейді депутат.
Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тапсырмасына негізделген ұстаным: «Әйелдер – қоғамымыздың ең маңызды тірегі. Олардың әлеуетін толық пайдаланбай, еліміздің экономикалық және саяси дамуын елестету мүмкін емес».
Сонымен, форумның мақсаты – ауылдық жерлердегі әйелдердің рөлін талқылау, олардың көшбасшылық әлеуетін нығайту. Үздік тәжірибелерді халықаралық деңгейде енгізіп, жаһандық трендтер аясында «Ауыл» партиясының қызметін кең аудиторияға таныстыру.
Ауыл әйел-көшбасшыларының халықаралық ынтымақтастыққа шығатын желісін қалыптастырып, әйел-кәсіпкерлерге қолдау көрсету.
Форум жұмысына орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, «Ауыл» партиясының басшылығы мен белсенділері, әйел-кәсіпкерлер, азаматтық қоғам көшбасшылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ, әр буын өкілдері – ауыл еңбеккерлері, өзін-
өзі жұмыспен қамтығандар, еңбек ардагерлері қатысқанын айта кетейік.
